Ақтауда 170 жас сарбаз әскери ант қабылдады
Ақтау гарнизонының әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасында 1-2026 шақырылымы бойынша мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің әскери ант қабылдау рәсімі өтті. 170 жас сарбаз Отан алдындағы антын берді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Іс-шараға әскери бөлімнің қолбасшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері, әскери қызметшілердің ата-аналары мен жақындары қатысты. Бұл күн жас жауынгерлер үшін өмірлеріндегі маңызды белес және Қазақстан Республикасы Қарулы күштері қатарындағы қызметтің бастауы болды.
Жас жауынгер курсы барысында әскери қызметшілер әскери даярлық негіздерін меңгеріп, жалпы әскери жарғыларды, қауіпсіздік талаптарын оқып үйренді және әрі қарай қызмет өткеру үшін қажетті дағдыларды иеленді.
Әскери ант қабылдағаннан кейін жас сарбаздар Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының аумағында орналасқан әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшелеріне әрі қарай қызмет өткеру үшін жіберіледі. Олар елдің әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді орындайтын болады.
51809 әскери бөлімінің командирі полковник Марат Рашитовұлы Құдабаевтың айтуынша, әскери ант қабылдау – әрбір әскери қызметшінің өміріндегі ерекше әрі жауапты кезең.
«Бүгін жас сарбаздар Отанға және Қазақстан халқына адал қызмет етуге ант берді. Әскери ант – әскери қызметшінің мемлекет алдындағы жауапкершілігін айқындайтын қасиетті борыш. Біз жас жауынгерлердің өз әскери борыштарын абыроймен орындап, еліміздің сенімді қорғаушылары болатынына сенімдіміз»,- деп атап өтті 51809 әскери бөлімінің командирі полковник Марат Құдабаев.
Салтанатты рәсім жеке құрамның салтанатты маршымен аяқталды.