Otpan News Logo

Маңғыстау облысы солтүстікке қоныс аударатын отбасыларға қолдау көрсетпек

|
17.06.2026 10:54
Маңғыстау облысы солтүстікке қоныс аударатын отбасыларға қолдау көрсетпек

Солтүстік өңірлерге қоныс аудару мәселесімен айналысып жүрген қоғам белсендісі Бурахан Дақан әлеуметтік желідегі парақшасында Маңғыстау облысы мен Солтүстік Қазақстан облысы арасындағы ынтымақтастыққа қатысты маңызды бастама туралы жазба жариялады, деп хабарлайды otpannews.kz.


Оның айтуынша, жуырда Маңғыстау облысы Солтүстік Қазақстан өңірінде 40 тұрғын үй салып, 40 отбасының қоныс аударуына қолдау көрсетуі мүмкін. Белсендінің мәлімдеуінше, бұл бастама өткен жылы Маңғыстау облысына жасаған сапары барысында көтерілген.


Бурахан Дақан сол кезде Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбаймен кездесуде өңіраралық көші-қонды дамытуға қатысты бірқатар ұсыныс айтылған. Оның ішінде Солтүстікке қоныс аударушыларды тек жұмыс күші ретінде емес, өз кәсібін дамытып, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік арқылы өңірдің өркендеуіне үлес қосатын тұрғындар ретінде орнықтыру мәселесі көтерілген.

Жоба аясында Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданында тұрғын үйлер салу қарастырылып отыр. Алдын ала жоспар бойынша Астраханка ауылында 25 үй, аудан орталығы Смирново ауылында 10 үй және Трудовой ауылында 5 үй салу ұсынылған.


Белсендінің айтуынша, Маңғыстаудан көшіп келетін азаматтарға жер және мал шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік беріліп, өндірілген өнімдерді Маңғыстау өңіріне жеткізу тетіктері де қарастырылған. Бұл екі облыс арасындағы экономикалық және әлеуметтік байланысты нығайтуға ықпал етуі мүмкін.


Көші-қон бастамасына байланысты қазіргі уақытта Маңғыстау облысынан арнайы делегация Солтүстік Қазақстан облысына барып, тұрғын үй құрылысына қатысты мүмкіндіктерді зерделеп жатыр. Делегация құрамында жұмыспен қамту және сәулет саласының мамандары бар.

Бурахан Дақан бұл бастаманың жүзеге асуы өңіраралық көші-қонды жандандырып қана қоймай, ел ішіндегі еңбек ресурстарының теңгерімді бөлінуіне және ауылдық елді мекендердің дамуына серпін береді деп есептейді.


«Егер бұл жоба жүзеге асса, онда Маңғыстаудан келген ондаған отбасы Солтүстікте тұрақтап, ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосады. Бұл екі өңір арасындағы ынтымақтастықтың нақты үлгісіне айналмақ», - дейді ол.


Айта кетейік, соңғы жылдары халық тығыз орналасқан оңтүстік және батыс өңірлерден еңбек күші тапшы солтүстік облыстарға ерікті қоныс аудару бағдарламасы мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылып келеді.

48
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!