Otpan News Logo

Маңғыстауда «Таза Қазақстан» акциясы аясында 27 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды

Маңғыстауда «Таза Қазақстан» акциясы аясында 27 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды

Маңғыстау облысында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында абаттандыру қағидаларын бұзу және қоршаған ортаны ластау деректерін анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Акция басталғалы бері өңірде 27 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген, деп хабарлайды otpannews.kz өңірдің полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 2024 жылдың 15 сәуірінен бері полиция қызметкерлерінің қатысуымен 1937 рейдтік іс-шара өткізілген. Рейдтерге 235 полиция қызметкері жұмылдырылған.


Қабылданған шаралардың нәтижесінде жалпы саны 27 308 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде 21 156 дерек елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзуға қатысты болса, қоғамдық орындарды ластауға қатысты 6 152 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.


Сондай-ақ мониторинг барысында облыс аумағынан 27 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды. Бұл аумақтарды тазарту және тиісті шаралар қабылдау үшін ақпарат уәкілетті мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдарға жолданған.


Құрылыс қалдықтарын заңсыз төгу фактілеріне де ерекше назар аударылуда. Тексеру барысында қалдықтарды белгіленбеген орындарға төккен 29 жүк көлігі анықталып, олардың 27-сі мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.


Полиция департаменті тұрғындар мен өңір қонақтарын тазалық талаптарын сақтауға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға және абаттандыру қағидаларын бұзбауға шақырды.

35
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!