Маңғыстаулық өнерпаздар Будапештте «Қазақстан: Ұлы дала сарыны» атты концерт қойды
16 маусым күні Венгрияның астанасындағы тарихи Pesti Vigadó сарайында Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының өнерпаздары ерекше кеш ұйымдастырды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Концерт барысында «Ақжарма» фольклорлық ансамблі, «Жорға» би тобы өнер көрсетті. Кеште ҚР Мәдениет саласының үздіктері Асанәлі Көшеров, Марат Сафаров, “Ерең еңбегі” медалінің иегері Аида Байгелова және филармония әншілері Камшат Ізтілеуова, Әзімхан Адай, Ақмарал Арғынқызы өнер көрсетіп,қазақ мәдениетін көпшілікке өнер арқылы паш етті.
Ұлттық салт-дәстүр мен рухани құндылықтарды дәріптеген бағдарлама қала тұрғындары мен шетелдік дипломаттардың жоғары бағасына ие болды. Әсіресе, кеш соңында орындалған «Адай» күйі көрермендердің зор ықыласы мен шапалағына бөленді.
Кеш соңында ҚР Мажарстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы маңғыстаулық өнерпаздарға алғыс білдіріп, сәттілік тіледі.
Айта кетейік, мұндай іс-шаралар екі ел арасындағы достық байланыстың нығаюына үлес қосады.