Otpan News Logo

Аутизмі бар балаларды қоғамға бейімдеуде спорттың рөлі қандай?

Аутизмі бар балаларды қоғамға бейімдеуде спорттың рөлі қандай?

Осыдан бес жыл бұрын Қазақстанда аутизм спектрінің бұзылыстары (АСБ) бар 3,5 мыңнан астам бала ғана ресми тіркеуде болса, бүгінде динамикалық бақылаудағы балалар саны 17 мыңнан асты. Бұл көрсеткіштің бес есеге жуық өсуі мамандандырылған көмекке деген сұранысты да арттырды. Осындай орталықтардың бірі балаларды дене белсенділігі мен әлеуметтенуді ұштастырған кешенді тәсіл арқылы қоғамға бейімдеуге көмектесіп келеді, деп хабарлайды otpannews.kz.

 

Кейбір балалар үшін спорттық жаттығулар – қарапайым сабақ болса, енді бірі үшін күнделікті үлкен еңбек. Көп жағдайда ата-аналар алғашқы алаңдаушылық белгілерінен бастап диагноз қойылып, жүйелі көмек алғанға дейін ұзақ жолдан өтеді. Мамандардың айтуынша, аутизм жағдайында уақыт шешуші рөл атқарады. Бала мамандардың қолдауын неғұрлым ерте алса, оның болашақта қоғамға бейімделу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.

 

Бейімделген дене шынықтыру және сенсорлық интеграция орталығының жетекшісі Азамат Урбековтың айтуынша, әр баланың даму қарқыны әртүрлі.

 

Балаларды бір-бірімен салыстыруға болмайды. Диагнозы бірдей болғанымен, әр бала өзінше дамиды. Кейбір балаларда оң өзгерістер екі-үш сабақтан кейін байқалса, өзгелеріне көбірек уақыт қажет. Әдетте тұрақты әрі жүйелі жұмыстың нәтижесі бір жарым-екі айдан кейін көріне бастайды, – дейді ол.

 

Мамандардың сөзінше, мұндай бейімделудің маңызды бағыттарының бірі – спорт. Аутизм спектрінің бұзылыстары бар балалар үшін дене белсенділігі спорттық жетістіктерге жетудің ғана емес, өмірлік маңызды дағдыларды меңгерудің де құралы саналады. Жаттығу кезінде бала нұсқаулықтарды орындауды, зейінін шоғырландыруды, құрдастарымен қарым-қатынас орнатуды және эмоцияларын басқаруды үйренеді.


 

Бейімделген дене шынықтыру нұсқаушысы Расул Мамаевтың айтуынша, сабақтар балалардың жан-жақты дамуына бағытталған.

 

Біз балалардың физикалық, эмоционалдық және танымдық қабілеттерін дамытуға жұмыс істейміз. Сабақ барысында бала нұсқаулықтарды қабылдап, орындауды, кеңістікте бағдарлануды және қоршаған ортамен әрекеттесуді үйренеді. Сондай-ақ затты алу, тасу, қажетті орынға қою сияқты қарапайым тұрмыстық дағдыларды қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл олардың өзіне деген сенімін арттырып, күнделікті өмірге және қоғамға бейімделуіне көмектеседі, – дейді маман.

 

Орталыққа келушілердің қатарында ерекше қажеттілігі жоқ балалар да бар. Ата-аналардың айтуынша, ерте жастағы дамыту сабақтары кез келген бала үшін пайдалы.

 

Баламның дамуында ерекшелік жоқ, жасы екіде. Наурыз айынан бері осы орталыққа келеміз. Төрт ай ішінде оң өзгерістер байқалды. Ерте жас – мидың қарқынды дамитын кезеңі болғандықтан, осы уақытты тиімді пайдалануға тырысамыз, – дейді ата-ана Лаура Мұхамбетқалиева.

 

Мамандар аутизм спектрінің бұзылыстары бар балалар санының тұрақты өсіп келе жатқанын айтады. Егер 2023 жылы Маңғыстау облысында мұндай диагноз қойылған 23 бала тіркелсе, бүгінде олардың саны 600-ден асқан.

 

Алайда бұл өсімнің нақты себебі әзірге анықталған жоқ. Сарапшылар мұны диагностиканың жетілдірілуімен, ауруды ерте анықтау деңгейінің артуымен, сондай-ақ генетикалық және сыртқы факторлардың ықпалымен байланыстырады.


 

Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Мади Тоқановтың айтуынша, аутизмнің пайда болуына әсер ететін негізгі үш фактор бар.

 

Олардың қатарында генетикалық, биологиялық және қоршаған орта факторлары бар. Генетикалық фактор тұқым қуалаушылықпен байланысты болса, биологиялық фактор ағза жұмысының ерекшеліктері мен жүйке жүйесінің дамуындағы өзгерістерді қамтиды. Ал қоршаған орта факторларына экологиялық жағдайлар және жүктілік кезеңіндегі сыртқы әсерлер жатады, – дейді ол.

 

Соңғы жылдары вакцинация мен аутизм арасындағы байланыс туралы пікірталастар да жиі көтерілуде. Дегенмен дәрігерлер қазіргі таңда мұндай байланысты дәлелдейтін ғылыми негіз жоқ екенін айтады.

 

Облыстық балалар ауруханасының психоневрология бөлімшесінің меңгерушісі Мария Алдабергенованың сөзінше, вакцинацияның аутизмге себеп болатыны жөніндегі тұжырым дәлелденбеген.

 

Бұл әзірге ғылыми тұрғыда расталмаған теориялардың бірі ғана. Тәжірибемізде вакцина алмағанымен, аутизм спектрінің бұзылыстары анықталған балалар кездеседі. Сондықтан аутизмнің дамуын екпемен тікелей байланыстыру дұрыс емес, – дейді маман.

 

Дәрігерлер ата-аналарды ақпаратты тек дәлелді медицинаға сүйене отырып қабылдауға шақырады.

 

39
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!