«Форт-Шевченко – Таушық – Шетпе» жолындағы жөндеу жұмыстары тексерілді
Маңғыстау облысы бойынша «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық маңызы бар KR-10 «Форт-Шевченко – Таушық – Шетпе» автомобиль жолының 91–161 шақырым аралығында жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарына кезекті инспекциялық бақылау жүргізді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Бақылау кезінде жол-құрылыс материалдарынан 15 керн сынамасы алынып, жолдың геометриялық параметрлері тексерілген.
- Зертханалық сынақтардың қорытындысы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасына тиісті бағалау жүргізілетін болады, - деп атап өтті мекеме.
Сонымен қатар, Ақтау қаласының автомобиль жолдарында арнайы жылжымалы жол зертханасы автокөлігі арқылы аспаптық тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Заманауи жабдықтармен қамтылған зертхана жол жабынының тегістігін, ілінісу қасиеттерін, геометриялық параметрлерін, сондай-ақ ақаулар мен деформацияларды жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді.
Аспаптық тексеру нәтижелері жолдарды күтіп ұстау, жөндеу және қайта жаңғырту бойынша тиімді шешімдер қабылдауға негіз болады. Бұл жұмыстар автомобиль жолдарының сапасын арттыруға, олардың қызмет ету мерзімін ұзартуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.