Otpan News Logo

Ақтауда «Хроникадан болашаққа» республикалық кинолекторийі өз мәресіне жетті

|
16.06.2026 17:26
Ақтауда «Хроникадан болашаққа» республикалық кинолекторийі өз мәресіне жетті

Маңғыстау облысының орталығында Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған ауқымды мәдени-ағартушылық жоба – «Хроникадан болашаққа» республикалық кинолекторийі өз жұмысын аяқтады. Ақтау тұрғындары мен қонақтарына еліміздің заманауи тарихын, қоғамдық маңызы бар оқиғалар мен табиғат тағдырын арқау еткен үздік деректі туындылар ұсынылды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Киноапталық барысында көрермендер назарына жол тартып, ерекше қызығушылық тудырған туындылардың бірі – «Тамшы» деректі фильмі болды. Картина Каспий теңізі мен оның бірегей эндемигі – Каспий итбалығын сақтап қалу жолында еңбек етіп жүрген еріктілердің табандылығын баяндап, азаматтық жауапкершілік пен адамгершілікті ұлттық идеяның маңызды бөлігі ретінде дәріптеді. 


Сонымен қатар көрсетілімдер кезінде қарт балықшы Күнтуған Тұрғынбаевтың тағдыры арқылы Арал теңізінің бүгінгі қалпына келу процесін сипаттайтын «Aral» фильмі, 30 жылдан астам уақыт бойы Құлалы аралында қызмет еткен маман Петр Иванович Лупенков туралы «Человек с острова Кулалы», және еліміздің туристік әлеуетін паш ететін «Travel Kazakhstan» туындылары көрерменге жол тартты.


Ақтаулық көрермендер фильмдердегі табиғатқа деген шынайы қамқорлық пен еріктілердің еңбегін жоғары бағалап, мұндай жобалардың тарихи жадыны жаңғыртудағы және экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы маңызын атап өтті. 


Айта кетейік 21 мамырда Астанадан бастау алған кинокеруен еліміздің 20 қаласын қамтуды көздейді. Ақтаудан кейін ағартушылық эстафетаны Атырау облысы қабылдайды, ал жоба 25 қыркүйекте Алматы қаласында салтанатты түрде аяқталады.

49
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!