Otpan News Logo

Маңғыстау суға кету оқиғалары жиі тіркелетін өңірлер қатарына енді

|
30.06.2026 16:45
Маңғыстау суға кету оқиғалары жиі тіркелетін өңірлер қатарына енді
Фото: Ашық дереккөзден

Елімізде шомылу маусымы басталғалы бері 42 адам суға кетіп көз жұмғаны мәлім болды. Олардың ішінде 19-ы кәмелетке толмаған балалар болса, суға кету оқиғаларының өсуі Маңғыстау облысында жиілеген, деп жазады otpannews.kz.


Бұл туралы BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына жолдаған жауабында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді.


2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қайғылы оқиғалар айтарлықтай артқан. Былтыр дәл осы уақытта 29 адамның, оның ішінде 10 баланың суға кеткені тіркелген болатын.


Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, суға кету оқиғаларының өсуі әсіресе Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында байқалып отыр. Мамандардың айтуынша, мұндай қайғылы жағдайлардың басым бөлігі қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан орын алады.


Айта кететін жайт, суға кету оқиғаларының шамамен 90 пайызы шомылуға рұқсат етілмеген орындарда тіркелген көрінеді. Бұл ретте министрлік азаматтардың белгіленбеген жағажайларда шомылуы, ескерту белгілеріне мән бермеуі және өз қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауы қайғылы жағдайларға әкеліп соғатынын алға тартты.


ТЖМ суға кетудің негізгі себептерін де атап, оның ішінде балалардың ересектердің қарауынсыз суға түсуі, азаматтардың жүзу дағдыларының жеткіліксіздігі, адамдардың өз мүмкіндігін дұрыс бағаламауы негізгі қауіп факторлары болып отыр. Әсіресе балалардың қауіпсіздігіне ата-аналардың жауапкершілігі ерекше маңызды екені айтылды.

 

Қайғылы статистикамен қатар, құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында көптеген адамның өмірін сақтап қалу мүмкін болған. Жыл басынан бері Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері 57 адамды құтқарды. Олардың 11-і  балалар.

 

Осы орайда су айдындарындағы қауіпсіздікті күшейту мақсатында ТЖМ Ішкі істер министрлігімен бірлесіп ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Жыл басынан бері еліміз бойынша 26 254 рейд пен патрульдік іс-шара ұйымдастырылған. Нәтижесінде судағы қауіпсіздік талаптарын бұзған 861 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 11,4 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.

53
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!