Otpan News Logo

Маңғыстаулық оқушы Шарай Батырбаева атындағы сыйақыға ие болды

|
25.06.2026 11:51
Маңғыстаулық оқушы Шарай Батырбаева атындағы сыйақыға ие болды

Бүгін Ақтауда Маңғыстау түбегінен түлеген алғашқы журналист қыздардың бірі, қазақ журналистикасының дамуына өзіндік үлес қосқан Шарай Батырбаева атындағы сыйақы табысталды. Аталған стипендия биыл бесінші жыл қатарынан беріліп отыр, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Шарай Батырбайқызы атындағы сыйақы 2022 жылдан бері маңғыстаулық жас қыздарға беріліп келеді. Журналист болуды армандап, қаламды жанына серік еткен мектеп оқушыларына арналған бұл сыйақы әр жылы БАҚ қызметкерлі мерекесі қарсаңында табысталады. 


«Бұл сыйақыны табыстау үрдісі биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Анамның журналистика саласында еңбек етіп, өңірдің баспасөз тарихында есімін қалдырғанына өте қуаныштымын. Өмірге 10 бала әкеліп, отбасында да, қызметте де үлкен жауапкершілік арқалады. Шарай Батырбайқызының ұрпағы болу – біздің отбасымыз үшін үлкен мақтаныш. Журналист боламын деген қыздардың арманының орындалуына сәл де болса үлес қосу мақсатында басталған бұл үрдістің биылғы жеңімпазы – Онды орта мектебінің оқушысы Саягүл Кенжебайқызы»,- деді Шарай Батырбайқызының ұлы, кәсіпкер Асқар Сүйеуов. 


Шарай Батырбайқызының биылғы сыйақысына ие болған Саягүл – 11 сыныпта оқиды. Ол әлеуметтік желілерде, «Жаңа өмір» және «Маңғыстау» газеттеріне Шарай апай туралы мақалалар жариялап, жас журналист ретінде түрлі тақырыпта шығарма жазған. 


«Сыйақының биылғы жеңімпазы атанғаныма өте қуаныштымын. Бұл жеңісім менің ұстазым Күнімкүл Саржанованың арқасы, апайдың бағыттауымен, оның қолдауымен мен шығармалар жазып, оларды баспасөзге жарияладым. Бұндай сыйақы біз секілді жастарға үлкен қолдау деуге болады. Шарай апайдың ғұмыры мен еңбек жолы туралы оқып, зерттедім. Апайдың журналистика саласында атқарған жұмыстары мені қанаттандырып, арманымды айқындай түсті»,- деді Маңғыстау ауданы, Онды орта мектебінің оқушысы Саягүл Кенжебайқызы. 


Айта кетейік, бұл сыйақыға 2022 жылы Шетпе гимназиясының оқушысы Арайлым Уалихан, 2023 жылы Б. Жұмалиев атындағы мектеп оқушысы Інжу Русланқызы ие болды. Ал 2024 жылы Ақтау қаласындағы №13 гимназияның оқушысы Ару Бақытжан, №24 мектептің оқушысы Альмира Болат жеңіп алды.

119
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!