Otpan News Logo

Маңғыстауда Президент тапсырмаларының орындалу барысы қаралды

|
30.06.2026 18:43
Маңғыстауда Президент тапсырмаларының орындалу барысы қаралды
Фото: МО әкімінің баспасөз қызметі

Маңғыстауда Президент тапсырмаларының орындалу барысы мен өңірдегі негізгі жобалардың іске асырылуы қаралды, деп хабарлайды otpannews.kz.


30 маусымда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен аппараттық жиналыс өтті. Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларының орындалу барысы, негізгі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы және фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды.


Жиында Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Ақтау қаласында 200 орындық заманауи көпбейінді аурухана салу жобасының іске асырылу барысына ерекше назар аударылды. Бүгінде жоба бойынша жол картасы бекітіліп, қажетті құжаттар пакеті әзірленген. Қазіргі уақытта орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін жетілдіру және медициналық қызметтердің ұзақ мерзімді қаржыландырылуын қамтамасыз ету мәселелері пысықталуда. Бұл алдағы кезеңде жобаны практикалық тұрғыда іске асыруға мүмкіндік береді.


Сондай-ақ Ақтау қаласында жаңа автовокзал мен коммуналдық базар салу жобасының орындалу барысы қаралды. Жоба екі кезең бойынша жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда автовокзал құрылысының дайындық деңгейі 80 пайызға жетсе, коммуналдық базар құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жобаны толық аяқтау 2027 жылдың соңына жоспарланған.


Күн тәртібінде өңірдегі фитосанитариялық ахуал да қаралды. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, биыл саяқ шегірткелерге қарсы 11,1 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабында химиялық өңдеу жұмыстары толық аяқталды. Өңдеу фитосанитариялық мониторинг нәтижелері негізінде Бейнеу және Маңғыстау аудандарында жүргізілді. Уақтылы қабылданған шаралардың арқасында зиянкестердің таралуына жол берілмей, облыстағы фитосанитариялық жағдай тұрақты деңгейде сақталуда.


Өңірдегі фитосанитариялық ахуал туралы Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының өкілдері де баяндады. Олардың айтуынша, аса қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік нысандарға мониторинг бекітілген жоспарға сәйкес жүйелі түрде жүргізілуде. Сонымен қатар барлық қажетті алдын алу шаралары толық көлемде жүзеге асырылып жатыр.


Жиынды қорытындылаған Нұрдәулет Қилыбай Президент тапсырмаларын сапалы әрі уақытылы орындау, стратегиялық маңызы бар жобаларды тиімді жүзеге асыру және фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету өңірдің тұрақты дамуының басты міндеттері екенін атап өтті.


Мемлекет басшысының әрбір тапсырмасы сапалы, белгіленген мерзімде және нақты нәтижемен орындалуға тиіс. Барлық стратегиялық жобалардың іске асырылуына тұрақты бақылау қамтамасыз етіліп, фитосанитариялық мониторинг жүйелі түрде жалғасуы қажет. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғау бағытындағы профилактикалық жұмыстарды күшейту маңызды. Бұл жұмыстардың тиімділігі Маңғыстау облысының тұрақты дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді, – деп тапсырды облыс әкімі.
8
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!