Otpan News Logo

Мемлекет басшысы: "Қазақстан экономикасының жаңа келбетіне жол ашуға қажетті негіз қалыптасты"

Мемлекет басшысы: "Қазақстан экономикасының жаңа келбетіне жол ашуға қажетті негіз қалыптасты"
Фото: Magnific

Президент өз мәлімдемесінде Қазақстан экономикасын жаңа үлгіге көшіру бағытындағы стратегиялық міндеттер мен қол жеткізілген басты нәтижелерді жіпке тізді. Мемлекет басшысы жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, ел экономикасы серпінді даму үстінде екенін атап өтті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап. 


Президент халықаралық ахуалдың жыл өткен сайын ушығып, түрлі қақтығыстар мен сын-қатерлердің көбейіп жатқанына тоқталды. Алайда, осындай күрделі кезеңде Қазақстан сыртқы факторларға төтеп бере алатын саясат жүргізіп келеді.


«Біз соған қарамастан, салиқалы саясат жүргізіп, нық сеніммен алға қадам басып келеміз. Біз бұл саясатты берік ұстануымыз қажет. Экономиканы жаңа үлгіге көшіру үшін бұрынғы жұмыс тәсілдері тиімді болмайды, жаңа көзқарас пен жаңа ұстаным қажет», - деді Мемлекет басшысы.


Мемлекет басшысы ел экономикасының тұрақтылығын айғақтайтын бірнеше тарихи рекордық көрсеткіштерді жариялады:

• ЖІӨ өсімі: Өткен жылы ел экономикасы 6,5 пайызға өсті, бұл әлемдік даму қарқынымен салыстырғанда өте жоғары көрсеткіш.

• Тарихи шек: Жалпы ішкі өнім ел тарихында алғаш рет 300 миллиард доллардан асты.

• Жан басына шаққандағы табыс: ЖІӨ-нің жан басына шаққандағы үлесі 15 мың доллардан асып, 2019 жылмен салыстырғанда 1,5 есе артты. Бұл - ТМД елдері арасындағы ең жоғары нәтижелердің бірі.

• Инфляцияның төмендеуі: Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 10,4 пайызға дейін түсті (бірақ бұл көрсеткішті әлі де төмендету міндеті тұр).


Президенттің айтуынша, Парламент, Үкімет және Ұлттық банк бірлесіп тиімді жұмыс атқарды. Қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе ретінде Ұлттық банктің негізгі пайыздық ставкасын пайымдап, жүйелі түрде шешу қажеттігі аталды.


Елдің экономикалық жүйесін толығымен қайта жаңғыртуға жаңа қабылданған Бюджет және Салық кодекстері тікелей септігін тигізді. Осы құжаттардың арқасында мемлекет қаржысын басқаруға қатысты ұстаным түбегейлі өзгерді.


«Осылайша, Қазақстан экономикасының жаңа келбетіне жол ашуға қажетті негіз қалыптасты», - деп қорытындылады Мемлекет басшысы.
57
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!