Мемлекет басшысы Құрылтайдың маңызына тоқталды
Akorda
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Құрылтайдың маңызы туралы айтты, деп хабарлайды otpannews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«Нәтижесінде мемлекеттік биліктің «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» деген базалық формуласы толыққанды институционалдық мәнге ие болды. Жаңарған билік тармақтарының теңгерімді жүйесінде Президент Тәуелсіздік пен мемлекет тұтастығының символы, Конституцияны және азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың кепілі ретінде бұрынғыдай басты рөл атқарады. Қазақстан президенттік республика болып қала береді. Мұны түсіну, ескеру өте маңызды. Яғни Президент – мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы, Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы, барлық құқық қорғау органдарының басшыларын тағайындайды, елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, Қазақстан атынан халықаралық аренада өкілдік етеді. Сонымен қатар жаңғырту жұмыстары парламенттік жүйені одан әрі трансформациялау тетіктерін де қарастырады. Құрылтайдың алдында барлық бюрократиялық рәсім түріндегі кедергілерді жою, заң шығару ісінің жеделдігі мен сапасын арттыру, білікті сарапшылардың және консультанттардың қызметін тиімді ұйымдастыру міндеті тұр. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде Құрылтайға ұлттық заңнаманы тез өзгеріп жатқан цифрлық матрица жағдайына шұғыл бейімдеу үшін қарқынды жұмыс істеуге тура келеді. Бұл – өте маңызды. Қазақстанның жаһандық бәсекеге қаншалықты дайын екені осыдан көрінеді», - деді Мемлекет басшысы.
Өз сөзінде Президент Құрылтай технологиялық прогрестің жетекші факторы болатындығын жеткізді.
«Құрылтай технологиялық прогрестің жетекші факторы болады деп үміттенемін. Былтыр қазан айында өткен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысында мен толыққанды e-Parliament жүйесін енгізу мәселесін көтерген едім. Қазақстан e-Government, яғни Электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша жаһандық рейтингте әлемдегі үздік 25 елдің қатарына кірді. Енді Электрондық Парламентті қалыптастыруға және дамытуға көп күш-жігер жұмсауымыз қажет. Жаңадан сайланған депутаттар заң шығару ісінде болжамды сараптамаға, Үлкен дерекқорды басқару арқылы кез келген шешімнің экономикалық салдары мен әлеуметтік тәуекелдерін модельдеуге баса мән беруі керек. Маңызды заң жобаларын сарапшылармен және жауапты қоғам белсенділерімен бірге талқылаған жөн. Цифрлық құралдарды пайдалану қажет. Бұл пікірталасқа қатысушылар санын көбейтіп, мәселені нағыз қоғамдық талқыға салуға мүмкіндік береді. Құрылтай жалпыұлттық деңгейдегі ашық диалог алаңы ретінде қызмет етіп, қоғамды толғандырған өзекті мәселелерге дер кезінде назар аударуы қажет. Бұл – азаматтардың дәйекті өтініштері міндетті түрде ескеріліп, нақты нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау арқылы мемлекеттік мекемелерге тиісті тапсырмалар берілуі керек деген сөз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
54
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев