Маңғыстауда шомылу маусымы басталғалы 9 адам суға кетті
Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті өңірдегі қайғылы оқиғалардың күрт жиілеп кеткенін хабарлап, дабыл қағуда. Жаз басталғалы бері Каспий теңізінде тоғыз адам суға батып, қайтыс болды. Салыстырмалы түрде қарасақ, өткен жылдың осы кезеңінде суға кеткендер саны екі адам болған еді. Демек, биыл қайғылы жағдайлар көрсеткіші 4,5 есеге артып отыр, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Өкінішке қарай, мұндай оқиғалардың басым көпшілігі суға түсуге тыйым салынған, жабдықталмаған қауіпті орындарда және қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамаудың салдарынан орын алып жатыр.
Әсіресе, соңғы уақытта Instagram мен TikTok желілерінде Маңғыстаудың зертелмеген жағалауларын жарнамалайтын видеолар қаптап кетті. Онда "Мальдив аралындай жағалау, суы мөлдір, сәл жүзсең 2 метр тереңдікте әдемі жер",- деген сипаттамалармен трендтік роликтер түсірілген.
Мұндай видеолардың астындағы пікірлердің 90%-ы - сол жердің мекенжайын сұраған халық. Алайда, визуалды әдеміліктің артында үлкен қауіп жатқанын екінің бірі ескере бермейді.
«Түбі зерттелмеген теңіздің астында үшкір тастар, терең шұңқырлар мен қауіпті ағыстар болуы мүмкін. Сондықтан әдемі кадрға қызығып, өмірді қауіп-қатерге тігуге болмайды. Сондықтан құрметті тұрғындар мен қала қонақтары, сурет пен видеоға емес, қауіпсіздікке мән беріңіздер. Теңіз - керемет демалыс сыйлайтын орын. Бірақ демалысыңыз қайғылы жағдаймен аяқталмасын десеңіз, қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар», - деді Маңғыстау облысы ТЖД ресми өкілі Ерлан Солтанмұратов.
ТЖД мына ережелерді қатаң сақтауды сұрайды:
- Тек рұқсат етілген жерде шомылыңыз: Құтқарушылары мен арнайы белгілері бар, түбі тазартылған жағажайларды ғана таңдаңыз.
- Балаларды қараусыз қалдырмаңыз: Тіпті таяз судың өзінде балаларды бір секундқа да назардан тыс қалдыруға болмайды.
- Мас күйде суға түспеңіз: Алкоголь адамның өз-өзін бақылау және қауіпті сезу инстинктін толық бұғаттайды.
- Желідегі мекенжайларға алданбаңыз: Тасты, зерттелмеген «жарнамалық» орындарға шомылуға бармаңыз.