Маңғыстау облысында БАҚ өкілдеріне пәтер кілті табысталды
Кәсіби мереке қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Маңғыстау облысының бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Бұл туралы өңір әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Президенттің тапсырмасына сәйкес елімізде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Осы бастама аясында баспана «Маңғыстау» телеарнасының редакторы Майра Болджанова мен «Астана» телеарнасының Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілшісі Светлана Сұлтангерееваға берілді.
Салтанатты рәсімде Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Мемлекет басшысының атынан журналистерге жаңа пәтерлердің кілтін табыстап, кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев журналистердің қоғамдағы орны мен еңбегін әрдайым жоғары бағалайды. Бүгін Президенттің атынан жаңа баспананың кілтін табыстау – ақпарат саласы мамандарына көрсетіліп отырған нақты қолдаудың көрінісі. Бұл – сіздердің кәсіби еңбектеріңізге берілген лайықты баға. Баршаңызға шығармашылық шабыт, толағай табыс, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін, – деді облыс әкімі.
Майра Болджанова ақпарат саласында 22 жылдан бері еңбек етіп келеді. Еңбек жолын 2004 жылы облыстық «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында редактор ретінде бастап, бүгінде «Маңғыстау» телеарнасының жаңалықтар бөлімінде редактор-корреспондент қызметін атқарады. Көпбалалы ана кәсіби жауапкершілігімен және шығармашылық ізденісімен әріптестерінің құрметіне ие болған тәжірибелі журналист. Кәсіби мереке қарсаңында оған Мемлекет басшысының атынан үш бөлмелі жаңа пәтердің кілті табысталды.
Светлана Сұлтангереева да ақпарат саласында 22 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Әр жылдары «31 арнада», «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясында және өзге де республикалық телеарналарда қызмет атқарған. 2016 жылдан бері «Астана» телеарнасының Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілшісі ретінде өңірдегі маңызды қоғамдық-саяси және әлеуметтік оқиғаларды республикалық деңгейде тұрақты жариялап келеді.
Журналистерді тұрғын үймен қамтамасыз ету – олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама ақпарат саласы мамандарының кәсіби қызметіне қолайлы жағдай жасап, өңірлік журналистиканың дамуына серпін береді.