Маңғыстауда бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері кәсіби мерекеге орай марапатталды
Бүгін Ақтау қаласында 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, өңірдің ақпарат саласы өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Іс-шараға бұқаралық ақпарат құралдарының ардагерлері, республикалық және өңірлік басылымдар мен телеарналардың журналистері, редакторлар, операторлар, фототілшілер, баспасөз хатшылары және медиа саласының мамандары қатысты.
Салтанатты жиында өңірдегі ақпарат кеңістігінің дамуына арналған бейнероликтер көрсетіліп, «Маңғыстау-Медиа» медиахолдингі, «Маңғыстау» телеарнасы, Қоғамдық коммуникация орталығы, «Жолбаян» радиосы, Lada.kz және inAktau.kz ақпараттық ресурстарының жетістіктері таныстырылды. Сонымен қатар облыстың түкпір-түкпірінде қызмет атқарып жүрген журналистермен тікелей байланыс ұйымдастырылып, ақпарат саласының ардагерлеріне құрмет көрсетілді.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай өз құттықтау сөзінде бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті.
– Бұқаралық ақпарат құралдары – халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Өңірдің тыныс-тіршілігін, халықтың мұң-мұқтажын, елдегі оң өзгерістерді кеңінен насихаттап жүрген барша журналистерге шынайы алғысымды білдіремін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев журналистермен кездесу барысында саланың кешегі, бүгінгі және ертеңгі даму бағытына кеңінен тоқталып, ақпарат кеңістігін одан әрі дамыту жөнінде нақты міндеттер айқындады. Біз өңірде сол міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асыратын боламыз. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын, шығармашылық шабыт пен толағай табыс тілеймін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Салтанатты шара барысында ақпарат саласының екі қызметкеріне тұрғын үйдің кілті табысталды.
Сонымен қатар ақпарат саласының дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар сала ардагерлері мен журналистер мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен еңбек ардагері Киікбай Мырзағұлұлы «Парасат» орденімен, еңбек ардагері Гүлнар Науырша «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Сондай-ақ журналистер мен ақпарат саласының ардагерлеріне Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің Құттықтау хаты, «Еңбек ардагері» және «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілері, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар өңірдің ақпарат саласының дамуына үлес қосқан бірқатар журналистер мен баспасөз қызметінің мамандары Маңғыстау облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасып, шығармашылық ұжымдар мен өнерпаздардың қатысуымен мерекелік тарту ұсынылды.