Ақтау - Үрімші бағыты бойынша тікелей әуе бағыты ашылды
FlyArystan компаниясы Ақтаудан Қытайдың Үрімші қаласына тікелей рейс ашты. Рейстің алғашқы жолаушылары 26 маусымда жолға шықты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Ақтау халықаралық әуежайында FlyArystan компаниясы жүзеге асыратын рейстің тұсаукесері өтті. Іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, Туризм басқармасының басшысы Мәншүк Қабдықызы және әуекомпанияның өкілдері, жолаушылар, блогерлер мен журналистер қатысты.
- Ақтау-Үрімші бағыты бойынша тікелей рейстің ашылуы - тарихи сәт. Бұл - Қазақстан мен Қытай арасындағы туристік, іскерлік және мәдени байланыстарды нығайтудың бастамасы. Оның үстіне, Маңғыстау облысында туризм саласын дамыту бойынша үлкен жобалар іске асып жатыр. Тікелей рейс біздің өңірге Қытайдан келетін туристердің санының артуына ықпал етеді. Ақтау-Үрімші халықаралық рейсіне сұраныс бар, - деді Аббат Өрісбаев.
Әуекомпанияның өкілдері жаңа бағыт бойынша рейс аптасына екі рет орындалатынын айтты.
- Компания туристерге Қазақстанның батысынан Қытайдың орталық қаласына саяхаттайтын мүмкіндік ұсынып отыр. Ақтаудан Үрімшіге сейсенбі және жұма күндері рейс бар. Бағасы - қолжетімді. Рейс 3 сағат 50 минут көлемінде орындалады, - деді FlyArystan компаниясы баспасөз қызметінің маманы Салтанат Төребек.
110
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев