Otpan News Logo

Қасым-Жомарт Тоқаев: "Елдегі өзгерістердің иесі халық болуға тиіс"

Қасым-Жомарт Тоқаев: "Елдегі өзгерістердің иесі халық болуға тиіс"
Akorda

Қазақстан Президенті еліміздегі саяси реформалардың жаңа кезеңі мен қоғамдық институттардың рөлін арттыру бағытында маңызды мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы Озық және Әділетті мемлекет қалыптастырудың негізгі шарты - тиімді жұмыс істейтін қоғамдық институттар екенін қадап айтты, деп хабарлайды otpannews.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап.


Президент еліміздің саяси жүйесіндегі ауқымды жаңалықты жариялады. Енді елде жаңа конституциялық орган - Қазақстан Халық Кеңесі құрылады.


«Қазақстан Халық Кеңесі мәслихаттардың, қоғамдық кеңестердің, сарапшылар алаңы мен азаматтық қоғам ұйымдары өкілдерінің басын біріктіреді. Бұрын Қазақстан халқы ассамблеясына тиесілі болған қызметтік міндеттер енді Халық кеңесіне өтеді. Осылайша, құрылым форматы өзгергенімен, жалпыұлттық бірлігіміздің мәні ішкі саясатымыздың маңызды бағыты ретінде сақталады. Халық Кеңесі - тарихымызда алғаш рет конституциялық деңгейде құрылған диалог алаңы. Көпұлтты және әралуан Қазақстанымыздың символы. Бұрын шашыраңқы болған құрылымдар заң шығару бастамасын көтеру құқығына ие болатын Жоғары консультативтік органның аясына бірігеді. Демек, халықтың үніне құлақ асу мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналады. Елімізде жүргізілген реформалардың ең басты нәтижесі – азаматтардың маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне қатыса алуы», - деді Мемлекет басшысы.


Отыз жылға жуық уақыт бойы қолданылмай келген халықтың өз ықтиярын тікелей білдіру тетігі соңғы жылдары саяси тәжірибемізге қайта оралды. 2022 жылдан бері ел тағдырына әсер ететін маңызды мәселелер бойынша үш рет жалпыұлттық референдум өтті.


Мемлекет басшысының сөзіне сүйенсек, қазірдің өзінде жүзеге асырылған реформалар билік институттарының орнықты тежемелік және теңгерім жүйесін қалыптастырып, мемлекеттік басқару сапасын арттырды.


Дегенмен, кез келген саяси өзгерістің түпкі мәні әлеуметтік жағдайға тікелей байланысты. Реформалардың басты мақсаты - халықтың әл-ауқатын арттыру және өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту. Осы ортақ мақсатқа жету үшін Үкімет, заң шығарушы орган және тұтас қоғам жұмыла еңбек етуі қажет.

59
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!