Мемлекет басшысы жаңа инвестициялық саясаттың маңызын айтты
Akorda
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жаңа Құрылыс және Су кодекстері қабылданын атап өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
«Сонымен қатар елімізде түбегейлі жаңа Құрылыс және Су кодекстері қабылданды. Стратегиялық маңызы айрықша салаларды ретке келтіру үшін қабылданған құжаттардың маңызы зор. Былтыр Қазақстанда 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Бұл да – тарихымыздағы ең жоғары көрсеткіш. Ең басты нәтиже – мыңдаған отбасы баспаналы болды. Біз қалаларды абаттандырумен қатар, ауылдардың жағдайын жақсартуға басымдық беріп келеміз. Биыл шалғай елді мекендерде тұратын жарты миллионнан астам адамды ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 12 ірі жоба іске қосылады. Мемлекет ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге бұрын-соңды болмаған ауқымда қолдау көрсетіп жатыр. Өткен жылы агроөнеркәсіп саласына жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңге қаржы тартылды. Осылайша, шаруалар алғаш рет жылына 5 пайыздық мөлшермен «ұзақмерзімді» қаражат алу мүмкіндігіне ие болды. Мұндай қадам ауыл шаруашылығы саласын жаңғыртуға ықпал еткені сөзсіз. Осындай шаралардың арқасында агроөнеркәсіп кешеніне тиесілі жалпы өнім құны шамамен 10 триллион теңгеге жетті. Ал экспорт көлемі 1,3 есе артып, 7 миллиард доллар табыс түсті. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
Озық технологиялар саласы да қарқынды дамып келеді. Әсіресе, отандық фармацевтика бағытында біраз жетістіктеріміз бар. Фармацевтика индустриясына сенім деңгейі бойынша Қазақстан Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасында көш бастап тұр. Мұндай бағаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы беріп отыр. Отандық дәрі-дәрмек нарығының көлемі 1 триллион теңгеден асты. Кейінгі үш жылда бұл салаға тартылған шетелдік инвестиция көлемі үш еседен астам ұлғайды. Алайда, бұған мәз болып отыра беруге болмайды, алдымызда тұрған міндет аз емес, қойылған мақсаттарға міндетті түрде жетуіміз керек», - деді Президент.
Мемлекет басшысы өз сөзінде экономикамызды әртараптандыруды көздеп отырғандығын алға тартты.
«Мен осыған дейін елімізде жаңа инвестициялық кезең басталатынын айтқан едім. Біз сол арқылы экономикамызды әртараптандыруды көздеп отырмыз. Әртараптандыру (диверсификация) дегеніміз, бұл – жай ғана ұран немесе жағымды сөз емес, бұл – өте күрделі және жауапты міндет, оған үстірт қарауға болмайды. Былтыр Қазақстанға тартылған тікелей шетел инвестициясының көлемі 14 пайызға артып, 20 миллиард доллардан асты. Ең бастысы, капитал негізінен өңдеу өнеркәсібі, көлік-логистика, қаржы және цифрлық инфрақұрылым сынды келешегі зор салаларға бағытталуда. Бұл ел дамуы үшін өте жақсы үдеріс екені сөзсіз.
Осы орайда, мен мамыр айында қол қойған «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңның маңызы зор. Аталған заң шетелдік және отандық бизнес үшін тың мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан бұл бірегей заңнамалық актінің әлеуетін дұрыс пайдаланған жөн. Дамуы қарқынды цифрлық мегаполистер, инновациялық кластерлер және өнімділігі жоғары индустрия қалыптастыру Қазақстанды Еуразияның технологиялық тұрғыдан өркендеген іскерлік хабқа айналдыруды көздейді. Кең байтақ өңірімізде бұрын-соңды болмаған бұл жоба табысты іске асқан жағдайда (Ал біз мұны сәтті жүзеге асыруға міндеттіміз), орнықты экономикалық өсімнің мүлдем жаңа моделі пайда болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
51
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев