Әлем чемпионаты: Қазақстан дзюдошылары іріктеу кезеңдерін сәтті бастады
БАКУ. OTPANNEWS.KZ. - Дзюдодан Бакуде өтіп жатқан әлем чемпионатының төртінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасының қос балуаны 1/8 финалға шықты.
81 келіде өнер көрсетіп жатқан Абылайхан Жұбаназар бірінші белдесуінде аустарлиялық Кэйсин Очиді қапы қалдырды. Отандық татами 1/8 финалда әзірбайжандық Вусал Галандарзадемен шеберлік байқасады.
Бұдан бөлек, Жалғас Қайролла 81 келіде сынға түсіп, екі белдесуде жеңіске жетіп үлгерді. Қазақ дзюдошысы іріктеу бәсекесінде Түркия балуаны Эрман Гюргенді жеңді. Ал 1/16 финалда Бахрейн дзюдошысы Аскерби Гербековтен қосымша уақытта айқын басымдық танытты.
Өкінішке қарай, әйелдер арасында күрескен Есмигүл Куюлова (63 кг) іріктеу бәсекесінде Словения өкіліне қосымша уақытта жол берді. Осылайша ол әлем біріншілігінде жүлдесіз қалып отыр.
Әлем чемпионаты басталғалы бері Қазақстан құрамасы бір күміс жүлдеге қол жеткізді. Аталған медальды 60 келіде күрескен Шерзод Давлатов иеленді. Ол турнирде 6 белдесу өткізіп, финалда әзірбайжандық Ахмад Юсуповқа есе жіберді.
11 қазан күні Қазақстан құрамасы аралас командалық сында белдеседі. Олардың қатарында маңғыстаулық Жантілек Нұртілепұлы да бар.