«Қызылсай» табиғи паркінде құтырудың алдын алу мәселесі талқыланды
«Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде өңірде белең алып отырған жабайы және үй жануарлары арасындағы құтыру деректеріне байланысты алдын алу және қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында басқосу өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жиынға мекеме басшысының орынбасарлары, бөлім және қаумал басшылары, сондай-ақ мемлекеттік инспекторлар қатысты. Кездесу барысында құтырудың таралу қаупін азайту, инспекторлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, рейдтік-бақылау жұмыстарын күшейту мәселелері талқыланды.
«Құтыру - адам мен жануар өміріне тікелей қауіп төндіретін аса қауіпті ауру. Сондықтан алдын алу шараларын уақытылы қабылдау - біздің басты міндетіміз. Мемлекеттік инспекторлардың қауіпсіздігі мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы тұрақты бақылау қатаң сақталуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады», – деді парк директоры Мыңберген Қаратауов.
Сонымен қатар, «Қызылсай» паркінің «Қызышсай» табиғи кешендерді қорғау бөлімінің басшысы Н.Бисенғазиев қарамағындағы мемлекеттік инспекторларымен бірге ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда рейдтік-бақылау жұмыстарын жүргізді. Рейд барысында жануарлардың жағдайы бақылауға алынып, қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше назар аударылды.
Парк ұжымы алдағы уақытта да өңірдегі эпизоотиялық ахуалды бақылауда ұстап, табиғи аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.