ҚР Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің балаларына жаңа жылдық ертегі ұйымдастырылды
Ақтауда Н. Жантөрин атындағы драма театрында ҚР Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштері әскери қызметшілерінің балаларына жарқын әрі нағыз ертегіге толы жаңа жылдық кеш өтті. Мерекелік кеш жас көрермендерге қуаныш, жылылық пен жаңа жылдық ғажайыпқа толы көңіл күй сыйлады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Мерекелік іс-шараға 120-дан астам бала қатысты. Олар ән айтып, би билеп, Аяз атаға өлеңдер оқып, ертегі кейіпкерлерімен бірге көңілді ойын ойнады. Түрлі-түсті костюмдер, шаттыққа толы кейіпкерлер мен мазмұнды бағдарлама әрбір бала үшін мерекені ұмытылмас сәтке айналдырды.
Балалар үшін Аяз ата мен Ақшақармен кездесу ерекше қуаныш сыйлады. Олар бүлдіршіндерге сыйлықтар табыстап, мерекелік көңіл күй сыйлады.
«Балаларымыз үшін мұндай шаралар өте маңызды. Олардың мерекеге ерекше ықыласпен қатысып, қуанып, ғажайыпқа сеніп жүргенін көреміз. Әскери қызметшілердің отбасыларына көрсеткен қамқорлығы мен көңілі үшін ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Бұл кештегі әсер балалардың жадында ұзақ сақталады», – деді лейтенант Әлібек Досщанов.
Жаңа жылдық шырша балалар мен ата-аналар үшін шынайы сыйға айналып, барша қатысушыға жылулық, қуаныш және жаңа жылдық ғажайыптарға деген сенім сыйлады.