Ақтауда «Береке Fest» республикалық акциясы өтіп жатыр
Елімізде жаңа жыл қарсаңында халықты қолжетімді бағадағы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында «Береке Fest» республикалық акциясы басталды. Акция 23-31 желтоқсан аралығында Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде де жалғасып жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қала әкімдігінің дерегінше, аталған акция аясында ірі сауда желілерінде арнайы безендірілген «Береке Fest» аймақтары ұйымдастырылып, отандық өндірушілердің өнімдері ұсынылады. Өнімдер нарықтық бағадан төмен, жеткізушілермен келісілген шарттар және жергілікті атқарушы органдардың қолдауы арқылы сатылуда. Сауда орындарындағы сөрелер мен жарнамалық материалдар «Береке Fest» бірыңғай стилінде рәсімделген.
«Ақтау қаласында «Береке Fest» акциясы «Дина», «Анвар», «Алтын фуд» ірі сауда желілерінде жүзеге асырылуда. Акция барысында азық-түлік тауарларының бірқатары 10–15 пайыздық жеңілдікпен ұсынылады. Аталған акция 2025 жылғы 31 желтоқсанына дейін жалғасады», - деді Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Нұрдәулет Есқуатов.