Көктайғақ: Ақтауда қабылдау бөлімі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр
Бүгін ауа райының күрт нашарлап, көктайғақ болуына байланысты Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының қабылдау бөліміне жүгінген тұрғындар саны артты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Түске дейін түрлі жарақатпен 100-ден астам адам медициналық көмекке жүгінген. 10 адам бөлімшеге жатқызылды.
Травматолог-дәрігер Құралбек Тұрарұлының айтуынша, көбіне қол мен аяқ сүйектерінің сынуы, тайып құлау салдарынан алған жарақаттар тіркеліп жатыр. Осыған байланысты дәрігерлер ауа райының қолайсыз кезінде мүмкіндігінше үйден шықпауға, әсіресе егде жастағы адамдарға сақ болуға кеңес береді.
Қабылдау бөлімі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Шұғыл жағдайға байланысты күндізгі бригадаға қосымша ретінде үйден 2–3 дәрігер шақырылды. Қазіргі таңда екі рентген кабинеті үздіксіз қызмет көрсетуде, барлық науқасқа кезек тәртібімен медициналық көмек көрсетілуде.
Аурухана әкімшілігі науқастардың туыстарынан сабыр сақтап, дәрігерлердің ақпаратын шыдаммен күтуді сұрайды. Барлық қызметкер жағдайды бақылауда ұстап, медициналық көмекті толық көлемде көрсетіп жатыр.