Ақтау әкімі балалар үйінің тәрбиеленушілерін Жаңа жыл мерекесімен құттықтады
Жаңа жыл мерекесіне орай Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов облыстық мамандандырылған балалар үйі мен отбасы үлгісіндегі балалар ауылына арнайы барып, аталған мекемелердің тәрбиеленушілерін мерекемен құттықтады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шара барысында қала әкімі балаларға арнайы сыйлықтар табыстап, бүлдіршіндердің әзірлеген мерекелік бағдарламасын тамашалады. Тәрбиеленушілер ән айтып, би билеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Құттықтау сөзінде Әбілқайыр Байпақов балаларға шаттыққа толы балалық шақ пен жарқын болашақ тіледі. Сондай-ақ ол балаларға тұрақты түрде қамқорлық көрсетіп, тәлім-тәрбие беріп отырған мекеме ұжымдарының еңбегін ерекше атап өтіп, алғысын білдірді.
"Осы мекемелерде еңбек етіп жатқан тәрбиешілер мен қызметкерлерге шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Әр бала бақытты болу үшін дүниеге келеді. Балалардың бір күлкісі мен бір қуанышы – үлкендердің басты міндеті. Осындай қуанышты сәттерге себепкер болу – баршамыз үшін үлкен жауапкершілік", – деді қала әкімі.