Ақтауда жаңа өрт сөндіру депосы ашылды
Ақтау қаласындағы 35-шағынауданында жаңа өрт сөндіру депосының ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Іс-шараға өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай, еліміздің төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және өрт-құтқару бөлімшелерінің жеке құрамы қатысты.
Жаңа өрт сөндіру депосы заманауи өрт-құтқару техникасымен және қажетті жабдықтармен толық қамтылған. Нысан құрамына өрт депосының негізгі ғимараты, алты пәтерден тұратын екі қабатты тұрғын үй, техниканы орналастыруға арналған ангар, сондай-ақ өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың дене дайындығын қамтамасыз етуге арналған спорт залы кіреді. Бұл нысан жергілікті бюджет есебінен салынған және тәулік бойы үздіксіз қызмет атқаруға мүмкіндік бермек.
Өңір басшысы азаматтық қорғау инфрақұрылымын дамыту өңірлік атқарушы органның басым бағыттарының бірі екенін айтып, бұл жұмыстар халықтың қауіпсіздігін арттыруға және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталғанын жеткізді.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, азаматтардың қауіпсіздігі мен өмірін қорғау – мемлекеттің басты міндеті. Бүгін ашылған өрт сөндіру депосы осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Қазіргі таңда төтенше жағдайлар қызметін материалдық-техникалық жағынан нығайтуға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Ғимараттарыңыз құтты болсын! Қызметке шыққанда тек оқу-жаттығу шараларына ғана шығуларыңызға тілектеспін. Келер жыл баршаңызға құтымен, берекесімен келсін!» - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Салтанатты шара барысында өрт сөндіру бөлімшелеріне 3 заманауи өрт сөндіру техникасының кілті және әлеуметтік бағдарлама аясында 6 өрт сөндірушіге пәтер кілті берілді. Содан кейін қатысушылар жаңа өрт сөндіру депосының материалдық-техникалық базасымен және өрт-құтқару техникасының үлгілерімен танысты.
Айта кететін жайт, жаңа нысан 2025 жылы Ақтау қаласында пайдалануға берілген екінші өрт депосы болып отыр.