Қолайсыз ауа райы: Маңғыстауда коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге өтті
Маңғыстауда қала мен барлық ауданда жолдарды қар мен мұздан тазалау жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Атап айтқанда, Ақтау қаласында қауіпті әрі мұз қату ықтималдығы жоғары аймақтарда, ғимараттардың кіреберісі, қоғамдық көлік аялдамалары, шағынауданның ішіндегі автомобиль және жаяу жүргінші жолдары тазаланып жатыр. Орталық көшелерде еріген қар суын сору, жол бетіне құм-тұз қоспасын себу жұмысы қолға алынды.
- Бұл жұмыстарға 15 жол жұмысшысы мен 450-ден астам қызметкер жұмылдырылды. Сондай-ақ 20 арнайы техника, 5 ассенизатор және 10 мотопомпа тартылып, қар суын сору жұмыстары жүргізілуде, - дейді Ақтау қаласының әкімдігі.
Мұндай жұмыстар Түпқараған ауданында да қолға алынды.
- Жолдарды қардан тазалау, тайғақ учаскелерге құм-тұз себу жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыстарға Сайын Шапағатов ауылында - 3 погрузчик, 1 газель, Баутино ауылында - 1 погрузчик, 1 газель, Таушықта - 1 погрузчик, 1 пикап, Форт-Шевченко қаласында - 1 погрузчик, Ақшұқырда - 3 погрузчик, 1 газель, 1 самосвал, Қызылөзенде - 1 погрузчик, сондай-ақ «Түпқараған су жүйесі» мекемесінің 2 вакумдық техника, 1 погрузчик, 8 жұмысшы шықты, - деп хабарлады Түпқараған ауданының әкімдігі.
Бейнеуде аудан әкімінің орынбасары Таңат Нұрмағанбетовтың төрағалығымен ауа райының күрт өзгеруіне байланысты жедел штаб отырысы өтті. Таңат Талғатұлы жауаптыларға төтенше жағдайлардың алдын алу, коммуналдық мекемелерге тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды.
Маңғыстау ауданы әкімдігі жол қозғалысының бақылауда екенін атап өтті, онда Шетпе-Жетібай бағытындағы автожолдағы қар күреліп жатыр.
Мұнайлы ауданының әкімдігі де тиісті жұмыстардың атқарылып жатқанын хабарлады. Сондай-ақ ауданда ауа райының қолайсыздығына байланысты call-орталықтар іске қосылды.
Мұнайлы ауданы бойынша: +7 702 591 11 60
Маңғыстау ауылы бойынша: +7 747 168 48 38
Басқұдық ауылдық округі бойынша: +7 701 222 88 95
Атамекен ауылдық округі бойынша: +7 701 136 32 26
Қызылтөбе ауылдық округі бойынша: +7 702 362 93 21
Дәулет ауылдық округі бойынша: +7 701 151 56 00
Баянды ауылы бойынша: +7 707 920 86 78
Батыр ауылдық округі бойынша: +7 702 960 02 12