Otpan News Logo

Қоғамның қазіргі заманғы сұраныстарына жауап береді

|
07.10.2026 16:22
Қоғамның қазіргі заманғы сұраныстарына жауап береді
Сурет: Ақтау қалалық мәслихаты

Жаңартылған Конституциядағы ең маңызды өзгерістердің бірі – билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейту. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан реформалар қоғамды белсенді әрекетке жұмылдырып, азаматтардың елдегі шешім қабылдау үдерістеріне тікелей қатысуына жол ашты. Президенттің бірқатар өкілеттіктері Парламент пен жергілікті басқару органдарына берілді. Бұл шешім суперпрезиденттік басқару моделінен біртіндеп бас тартып, президенттік-парламенттік жүйеге жақындауды көздейді.


Сонымен қатар көптеген шешімдер Мемлекет басшысының бейтараптығын арттырып, саяси процестерге тең қашықтықта болуын қамтамасыз ететін маңызды қадамға айналады. Конституциялық өзгерістер Парламенттің заң шығару және бақылау функцияларын күшейтеді. Мәжілістің Үкіметке ықпал ету тетіктері кеңейіп, депутаттардың жауапкершілігі артты. Ал мәслихаттардың жергілікті деңгейдегі шешім қабылдаудағы рөлі күшейтіліп, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға жол ашылды. 


Жаңа Конституция адамның құқықтары мен бостандықтарының ең жоғары құндылық екеніне маңыз береді. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрамындағы сарапшылардың ұсыныстары негізделген халықтың өмір сапасын арттыруға бағдарланған, нақты әрі түсінікті, адамның негізгі құқықтарын қорғауға басымдық береді. Мысалы, өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке тұлғаға қол сұқпаушылық, цифрлық дәуірде жеке деректерді қорғау, сондай-ақ «Миранда ережесі» бекітілген.


 Бұдан бөлек әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударған. Ерекше мұқтаждығы бар жандар да ескерусіз қалмайды. Жаңа Конституция мәтінін инклюзив форматтарға аудару мәселесі шешіледі. Атап айтқанда, көру мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін – Брайль қарпімен, интеллектуалдық дамуында қиындықтары бар адамдар үшін түсінікті тілге аудару мәселесі көтерілгені мәлім. 


Конституцияның мазмұндық тұжырымдамасын өзгертуге бағытталған өзге де маңызды жаңашылдықтар бар. Олардың барлығы қоғамның қазіргі заманғы сұраныстарына жауап береді. Әрине, конституциялық өзгерістер бойынша түпкілікті шешімді Қазақстан халқы қабылдайды. Бұл өзгерістердің тағдыры референдумда айқындалады.


Сембіғали ЗӘКЕНОВ,

Ақтау қалалық мәслихатының төрағасы, Yessenov университетінің

мұнай-газ инжиниринг кафедрасының профессоры,

технология ғылымдарының докторы

122
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!