Otpan News Logo

Маңғыстаулық суретшілер Моңғолия сапарында салған туындыларын көрмеге қойды

Маңғыстаулық суретшілер Моңғолия сапарында салған туындыларын көрмеге қойды

OTPANNEWS.KZ – Ақтауда ART EXPEDITION – MONGOLIA 2026 «Көшпенділер ізімен» халықаралық шығармашылық жобасының қорытынды көрмесі өтті. Көрмеге Маңғыстаудан Моңғолияға барған сегіз суретшінің экспедиция барысында салған 40-50-ге жуық туындысы қойылды.


Шығармашылық сапар 2026 жылғы 21–27 тамыз аралығында өтті. Суретшілер Ұлан-Батыр қаласын, Тэрэлж ұлттық табиғи аймағын, Архангай өңірін, Орхон аңғары мен Гоби шөлін аралады. Олар жергілікті табиғат көріністерін, тарихи-мәдени нысандарды, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін кенепке түсірді.


Экспедицияға қатысқан әр суретші сапар барысында 10–15 туындыдан орындаған. Көрмеде көшпенділер мәдениеті мен Моңғолияның табиғи ерекшеліктерін бейнелейтін картиналар мен этюдтер ұсынылды.


Суретші Тынышбек Балтабаевтың айтуынша, Моңғолияның табиғаты мен мәдениеті шығармашылық топқа ерекше әсер қалдырған. Оның сөзінше, мұндай экспедициялар әр елдің мәдениетін өнер арқылы танытуға және халықаралық тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.


Жоба аясында Ұлан-Батырда кәсіби шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, Моңғолия мен Қырғызстан суретшілері тәжірибе бөлісті. Қатысушылар жергілікті көркемөнер галереялары мен мәдени мекемелерді де аралады.


Қорытынды көрме бағдарламасында шеберлік сабақтары өткізіліп, экспедиция мүшелері өздерінің көркемдік әдіс-тәсілдерін таныстырды.


Жоба «Ақтау қалалық суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, Маңғыстау облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тапсырысы бойынша жүзеге асырылды.

3
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!