Otpan News Logo

Қазақстан Қарулы Күштерінің тәрбие құрылымдары қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтуде

Қазақстан Қарулы Күштерінің тәрбие құрылымдары қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтуде

1993 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Қарулы Күштерінде командирлердің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасарлары институты құрылды. Сол офицерлердің бірі – өңірлік «Батыс» қолбасшылығына қарасты теңіз жаяу әскерлері бригадасында 25744 әскери бөлімнің командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүрген гвардия майоры Ратбек Қуатбеков, деп хабарлайды otpannews.kz Қорғаныс ведомствосына сілтеме жасап.


Ратбек Қуатбеков Құрлық әскерлері әскери институтын сәтті тәмамдап, жас офицер ретінде Ақтөбе гарнизонындағы 30238 әскери бөліміне жолдама алған. Содан бері шамамен 15 жылға жуық уақыт бойы әртүрлі лауазымдарда абыроймен қызмет атқарып келеді. «Батыс» өңірлік қолбасшылығында қызмет еткен жылдары ол бірнеше мәрте үздік батальон командирі атанған. Оның әскери жолда республикалық әрі халықаралық деңгейдегі ондаған оқу-жаттығудан өткен.

Далалық жиындар, шаңға бөгіп өткен күндер, түнгі марштар мен сарбаздың тек жарғы білімін ғана емес, сабырын, төзімін, рухани беріктігін сынайтын сәттер – оның қызмет жолының ажырамас бөлігі. Оқу-жаттығулар кезінде қатысушы ретінде жеке құрамның жанынан табылады. Өйткені, майордың пайымынша, жауынгерлік қабілет ең алдымен сарбаздың ішкі тұрақтылығынан басталады.


Үздік тәрбие офицері өз еңбегін есеп-қисап немесе даңғаза сөзбен емес, нақты іспен бағалайды. Оның қызметі таңғы сапқа дейін басталып, жұмыс күні аяқталған жерден жалғасын табады. Ратбек Қуатбековтің басты қасиеті – тыңдай білу. Ол орынсыз дауыс көтермейді, құр уәде бермейді. Айтқан сөзі салмақты. Қиын сәттерде жинақы, талапшыл әрі әділ бола біледі. Мұндай офицерлерге деген сенім қызметіне емес, болмысына қарай артады.

Оның жұмыс кабинетінде талай тағдыр шешіліп, түйткілді мәселелердің түйіні тарқайды. Ол әр сарбазды аты-жөнімен таниды, қуанышы мен уайымын біледі. Сондықтан ол әскерилердің құрметіне бөленіп отыр.  


«Біз үшін гвардия майоры Ратбек Қуатбеков – кез келген мәселемен барғанда сені тыңдайтынына сенімді бола алатын адам. Ол оқу күндерінде де, қызметтің күрделі сәттерінде де үнемі жанымызда. Қажет кезде қатаң талап қояды, бірақ әрдайым әділ әрі адамгершілікпен қарайды. Әр сарбаздың басынан не өтіп жатқанын біледі, сөзімен демеп, ақылымен қолдау көрсетеді. Соның арқасында бөлімшеде тәртіп, өзара сыйластық пен ертеңгі күнге деген сенім бар. Ол бізге тек әскери тәртіпті ғана емес, жауапкершілікті, жолдастықты, Отанға және бір-бірімізге деген құрметті үйретеді. Біз үшін ол – сенім артуға болатын офицердің үлгісі», – дейді Теңіз жаяу әскерлері бригадасының мерзімді қызметтегі сарбазы Тимур Умирбеков.

Алайда Ратбек Қуатбеков үшін ең маңызды рөл – әкелік міндет. Саптағы қарбалас артта қалып, әскери форма шешілгенде, ол балаларына оралады. Үйде ол – қамқор әке, ұсақ-түйекке мән беретін, күрделі дүниені қарапайым тілмен түсіндіре алатын жан. Ол ұранмен емес, ісімен тәрбиелейді, адалдыққа, жауапкершілікке, уәдеге беріктікке баулиды.


Ол бір мезетте талапшыл да, мейірімді де бола алады. Қорғай да біледі, бағыт та береді. Үздік тәрбие офицері – жай ғана қызмет емес. Бұл – әскердің рухын, отбасының жылуын сақтай білетін адам.


Гвардия майоры Ратбек Қуатбеков қызметтік міндеттерін кәсіби деңгейде атқарып қана қоймай, әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы жеке құраммен және қоғаммен ашық байланыс орнатып келеді. Ол өз парақшасында әскери бөлімнің тыныс-тіршілігі, оқу-жаттығулар, марапаттау рәсімдері, мотивациялық жазбалар, сарбаздардың жетістік тарихы, мәдени және спорттық шаралар туралы тұрақты түрде ақпарат жариялап, оқырмандар сұрағына жауап береді.


Ашықтық пен белсенді диалогтың арқасында бұл парақша әскери қызметшілер, ардагерлер, мерзімді қызметтегі сарбаздардың ата-аналары мен жақындары үшін ортақ пікір алмасу алаңына айналды. Мұнда олар тәжірибе бөлісіп, жаңа жетістіктерге шабыт алып, әскер өміріндегі маңызды жаңалықтардан хабардар болып отырады.


93
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!