Қазақстан дзюдошысы әлем чемпионатының жүлдесі үшін белдеседі
БАКУ. OTPANNEWS.KZ. - Дзюдодан Бакуде өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының балуаны Абылайхан Жұбаназар қола жүлде үшін күресетін болды. Бұл туралы Otpannews.kz тілшісі Бакуден хабарлайды.
Отандық татами шебері 81 келі салмақтың жартылай финалында әзірбайжандық Зелим Цкаевқа есе жіберді. Енді ол әлем біріншілігінің қола жүлдесі үшін тағы бір әзірбайжандық балуан Омар Раджаблимен өзара мықтыны анықтайды.
Ұлттық құрама мүшесі чемпионаттың іріктеу бәсекесінде әуелі Аустралия балуанын жеңді. Ал 1/8 финалда әзірбайжандық Вусал Галандарзадені төреші ескертуімен қапы қалдырды. Ал ширек финалда Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, Оңтүстік Корея балуаны Ли Ён Хванды юко ұпайымен жолда қалдырды.
Бұдан бөлек, 81 келіде сынға түскен Қазақстан құрамасының балуаны Жалғас Қайролла екі белдесуде жеңіске жеткен еді. Бірақ 1/8 финалда сербиялық Михайло Симинге қосымша уақытта юко ұпайымен жеңіліп қалды.
Сондай-ақ, әйелдер арасында күрескен Есмигүл Куюлова (63 кг) іріктеу бәсекесінде Словения өкілінен өте алмай, жүлдеден тыс қалды.
Әлем чемпионаты басталғалы бері Қазақстан құрамасы бір күміс жүлдеге қол жеткізді. Аталған медальды 60 келіде күрескен Шерзод Давлатов иеленді.