Otpan News Logo

Депутаттар Ақтаудағы стратегиялық нысандарды аралады

|
06.01.2026 10:19
Депутаттар Ақтаудағы стратегиялық нысандарды аралады

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Сүйіндік Алдашев пен Бекбол Орынбасаров Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында өңірдің тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп отырған стратегиялық нысандарды — «МАЭК» ЖШС, «Каспий» су тұшыту зауыты мен Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын аралады, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Бүгінгі таңда энергия комбинатының алдында екі күрделі мәселе тұр. Біріншісі — Каспий теңізінің тартылуы. Су деңгейінің түсуі қондырғыларды салқындатуға және су тұшытуға қажетті теңіз суын алуды қиындатқан.


«Қазіргі уақытта теңіз түбін тереңдету жұмыстары жүріп жатыр. ТЭЦ-2-ге келетін каналды үлкейту үшін республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. Бұл мақсатта екі мердігер мекеме жұмыс істеуде», — деді сенатор Бекбол Орынбасаров.


Екінші өзекті мәселе — тариф саясаты. МАЭК бір мезгілде жарық, жылу және су өндіретіндіктен, баға түзілуі екі сатыдан тұрады: базалық шекті тарифті Энергетика министрлігі бекітсе, халыққа жететін соңғы бағаны Ұлттық экономика министрлігі реттейді.


Депутаттар облыстағы су тапшылығын жоюдың басты құралы болып табылатын «Каспий» су тұшыту зауытының жұмысын да жоғары бағалады. Мамандардың айтуынша, биылғы жазда өңірде су тапшылығы айтарлықтай азайған. Болашақта кәсіпорын қуаттылығын тәулігіне 100 мың текше метрге дейін жеткізу көзделіп отыр.


Сондай-ақ Сенаторлар Президент тапсырмасымен құрылған Каспий теңізін зерттеу институтының алғашқы нәтижелерімен танысты. Ғалымдар соңғы 20 жылда теңіз деңгейі 2 метрден астам төмендегенін мәлімдеді. Буланудың артуы мен Еділ, Жайық өзендерінен келетін судың азаюы жағалау сызығының жүздеген метрге алыстауына әкелген.


Сапар соңында депутаттар аталған мәселелерді Сенат мінберіне шығарып, қаржыландыру және заңнамалық қолдау бойынша тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.

190
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!