Бразилия Жапонияны жеңіп, әлем чемпионатының 1/8 финалына шықты
Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/16 финалында Бразилия құрамасы Жапонияны 2:1 есебімен жеңіп, турнирдің келесі кезеңіне жолдама алды, деп хабарлайды otpannews.kz.
АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен кездесуде алғашқы болып жапониялықтар есеп ашты. 29-минутта Кайсю Сано мергендік танытып, командасын алға шығарды.
Екінші таймда бразилиялықтар ойын тізгінін өз қолына алып, бірқатар қауіпті шабуыл ұйымдастырған еді. 56-минутта Каземиро таразы басын теңестірсе, матчқа қосылған қосымша уақыттың бесінші минутында Габриэл Мартинелли жеңіс голын соқты.
Кездесуде Бразилия құрамасының үздік сұрмергені Неймар алаңға шыққан жоқ. Ол қосалқы құрамда қалып, матчқа қатыспады.
Бразилия құрамасы әлем чемпионатының топтық кезеңінде Мароккомен тең ойнап (1:1), Шотландияны (3:0) және Гаитиді (3:0) жеңіп, өз тобында бірінші орын алған болатын. Ал Жапония Нидерландпен (2:2) және Швециямен (1:1) тең түсіп, Тунисті (4:0) ұтып, өз тобында екінші орынмен плей-оффқа шықты.
Осылайша, бес дүркін әлем чемпионы Бразилия 1/8 финалға жолдама алды. Келесі кезеңде олар Кот-д'Ивуар-Норвегия жұбының жеңімпазымен кездеседі.