Маңғыстауда «Bereke Fest» республикалық акциясы аясында жәрмеңкелер өтеді
Қазақстан Республикасы Конституциясының қолданысқа енгізілген күніне орай 2026 жылдың 1-7 шілде аралығында Маңғыстау облысында «Bereke Fest» республикалық акциясы өтеді, деп хабарлайды otpannews.kz.
«Bereke Fest» - халықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қолжетімді бағамен қамтамасыз етуге, отандық өндірушілерді қолдауға және қазақстандық өнімдерді тұтыну мәдениетін дамытуға бағытталған ауқымды республикалық жоба.
Акция аясында өңірдегі сауда орындарында жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін кеңінен таныстыруға жағдай жасалып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Сондай-ақ отандық кәсіпорындар мен сауда желілері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, ішкі нарықтағы қазақстандық өнімдердің үлесін арттыруға және олардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ерекше назар аударылады.
Іс-шараның негізгі мақсаты - халықтың азық-түлікке жұмсайтын шығынын азайту, тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді өнімдермен қамтамасыз ету және жергілікті өндірісті қолдау арқылы ішкі нарықты дамытуға бағытталған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Bereke Fest» акциясы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға, отандық өндірушілердің әлеуетін арттыруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады.