Otpan News Logo

Жаңа заң - мемлекеттік қызметті жаңғыртудың берік негізі

|
29.06.2026 11:29
Жаңа заң - мемлекеттік қызметті жаңғыртудың берік негізі

Мемлекет басшысы 2026 жылғы 19 мамырда қол қойған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.


Жаңа Заңның басты ерекшеліктерінің бірі – мемлекеттік қызметтің сервис және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген моделіне көшу. Сонымен қатар қазақстандық патриотизмді нығайту, кәсібилік, адалдық, ашықтық қағидаттарын орнықтыру, кадрлық процестерді толық цифрландыру және сыбайлас жемқорлық пен мүдделер қақтығысына мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға басымдық берілген.


Мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру мақсатында көлденең (горизонтальды) мансаптық ілгерілету тетігі енгізіледі. Бұдан былай мемлекеттік қызметшінің кәсіби дамуы, біліктілігін арттыру нәтижелері, білімін жетілдіруі және қызметтік жетістіктері мансаптық өсу барысында негізгі өлшемдердің бірі ретінде ескерілетін болады. Сонымен қатар бір лауазым шеңберінде лауазымдық деңгейлер бойынша кезең-кезеңімен мансаптық өсу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл тәжірибелі әрі нәтижелі қызметкерлерді ынталандырудың тиімді құралына айналады.


Жаңа Заң мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қолдау тетіктерін де айтарлықтай күшейтеді. Атап айтқанда, қызметтік қажеттілікке байланысты басқа жерге ауысқан мемлекеттік қызметшілерге көтерме жәрдемақы төлеу, тұрғын үйге байланысты төлемдер беру және мүлікті тасымалдауға жұмсалған шығындарды өтеу көзделген.


Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктері де кеңейтілді. Басқа өңірге қызметтік ауысу кезінде көтерме жәрдемақы, тұрғын үй төлемдері және көшу шығындарын өтеу қарастырылған. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте кемінде 25 жыл еңбек етіп, мемлекеттік немесе ведомстволық награда алған қызметкерлерге зейнетке шыққанда төрт лауазымдық жалақы көлемінде біржолғы сыйақы төленеді.


Сондай-ақ мемлекеттік қызмет өтіліне байланысты қосымша ақы төленетін еңбек демалысы енгізіледі. Атап айтқанда, еңбек өтілі 10 жылдан асқан мемлекеттік қызметшілерге – 3 күнтізбелік күн, 15 жылдан асқан жағдайда – 5 күнтізбелік күн, ал 20 жылдан асқан кезде 10 күнтізбелік күн көлемінде қосымша демалыс беріледі.


Еңбек өтіліне байланысты қосымша ақылы демалыс енгізіліп, отбасылық маңызды жағдайларда жылына 10 күнге дейін ақылы қысқа мерзімді демалыс беру көзделген.


Мемлекеттік қызметшілердің материалдық әл-ауқатын арттыру мақсатында олардың жалақысын әр үш жыл сайын индекстеу нормасы енгізілген. Бұл инфляциялық үдерістерді ескере отырып, мемлекеттік қызметтің бәсекеге қабілеттілігін сақтауға және кадрлық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


Сонымен қатар мемлекеттік қызметке қабілетті, білімді әрі талантты жастарды тарту мақсатында мемлекеттік қызметке даярлау институтын енгізу көзделген. Аталған бастама жас мамандарды ерте кезеңнен кәсіби даярлауға, олардың басқарушылық құзыреттерін дамытуға және мемлекеттік аппараттың сапалы кадрлық резервін қалыптастыруға бағытталған.


Жалпы алғанда, жаңа Заң мемлекеттік қызметтің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға, кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыруға, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын күшейтуге және халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

 

 

ҚРМемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Маңғыстау облысы бойынша

департаментінің басшысы,

Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы            

Тоқтамыс Жұмағұлов

59
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!