Маңғыстауда кеме жасау зауытын салу жобасы талқыланды
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Түркияның жетекші инвестициялық-инфрақұрылымдық компанияларының бірі – YDA Group of Companies директорлар кеңесінің төрағасы Хусейн Арслан бастаған делегациямен кездесті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Кездесудің негізгі тақырыбы Қазақстанда заманауи кеме жасау зауытын салу жобасын жүзеге асыру, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және Маңғыстау облысының Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызды торабы ретіндегі көлік-логистикалық әлеуетін дамыту болды.
Кездесуде Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау облысы еліміздің экономикалық өсімінің маңызды драйверлерінің бірі әрі халықаралық көлік дәліздерін дамытуда стратегиялық маңызға ие өңір екенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы тасымалданатын жүк көлемі тұрақты өсіп келеді. Бұл Каспий теңізінің қазақстандық жағалауында заманауи кеме жасау және кеме жөндеу өндірісін дамыту қажеттілігін арттырып отыр.
YDA Group өкілдері кездесуде Қазақстанда кеме жасау зауытын салу жобасын таныстырды. Жоба аясында азаматтық мақсаттағы кемелерді құрастыратын жоғары технологиялық өндіріс құру, кеме жөндеу және флотқа сервистік қызмет көрсету бағыттарын дамыту көзделген. Бұл бастама еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, Каспий өңірінің көлік инфрақұрылымының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Компания мәліметінше, жобаға 200 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. Нәтижесінде жүздеген жаңа жұмыс орны ашылып, заманауи халықаралық технологиялар енгізіледі. Сондай-ақ отандық кәсіпорындардың өндірістік кооперацияға қатысуына жол ашылып, ішкі нарық пен Каспий маңы елдерінің флотына қызмет көрсететін заманауи кеме жасау және кеме жөндеу орталығы қалыптасады.
Облыс әкімі өңір әкімдігі стратегиялық инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін айтып, инвесторларға қолданыстағы заңнама аясында жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Маңғыстау облысы өзінің бірегей географиялық орналасуымен, дамыған порттық инфрақұрылымымен және жоғары инвестициялық әлеуетімен ерекшеленеді. Мұндай жобаның жүзеге асырылуы отандық кеме жасау саласын дамытудағы маңызды кезең болмақ. Бұл жаңа өндіріс орындары мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп, Қазақстанның транзиттік-көлік логистикалық әлеуетін одан әрі нығайтуға серпін береді, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
YDA Group of Companies – 51 жылдан астам тарихы бар Түркияның жетекші көпсалалы компанияларының бірі. Холдинг құрылыс, инфрақұрылым, инвестиция, көлік және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік салаларында ірі жобаларды жүзеге асырады. Қазіргі таңда компания жеті елде жұмыс істейді. Жалпы құны 16,7 млрд АҚШ долларын құрайтын жобаларды іске асырған. Ал қазіргі инвестициялық портфелінің көлемі 11,2 млрд АҚШ долларын құрайды.