Otpan News Logo

Маңғыстауда балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды

Маңғыстауда балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.


Жиынға комиссия мүшелері, облыстық басқармалар мен құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Отырыста балалардың жазғы демалысын қауіпсіз ұйымдастыру, сауықтыру лагерлеріндегі санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы, кәмелетке толмағандардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және жұмыспен қамту мәселелері қаралды.


Сондай-ақ жазғы кезеңде балалардың жарақаттануының, оның ішінде терезеден құлау, жол-көлік оқиғаларына ұшырау, тыйым салынған орындарда шомылу секілді келеңсіз жағдайлардың алдын алу шаралары талқыланды.


Бұдан бөлек, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы студенттер арасында құқық бұзушылықтың, буллингтің, төбелес пен ұрлық фактілерінің алдын алу, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік пен жыныстық тиіспеушіліктің профилактикасы, психологиялық, құқықтық және медициналық көмекті күшейту мәселелері көтерілді.


Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхтар Сербаев, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қуанар Базарбаев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Құралай Газимова, облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының міндетін атқарушы Әлібек Намазов, өңірлік денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асхат Балықов баяндама жасады.


Маңғыстау облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Тілектес Болатбаева комиссия отырысында қазіргі кезеңдегі өзекті мәселелер жан-жақты қаралғанын атап өтті.


"Бүгін балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, мектеп жанындағы лагерлердің жұмысы, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, сауықтыру, тамақтандыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар ерте жүктіліктің алдын алу, оның себептерін зерделеу және профилактикалық жұмыстарды күшейту бойынша нақты шешімдер қабылданды. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және төтенше жағдайларда әрекет ету алгоритмдері де қарастырылды", - деді Тілектес Болатбаева.


Жиын қорытындысында комиссия төрағасы Аббат Өрісбаев жауапты мемлекеттік органдарға профилактикалық жұмыстарды күшейту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы іс-шараларды тұрақты бақылауда ұстау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

60
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!