Otpan News Logo

Ақтауда жалпыхалықтық жүгіру марафоны өтті

Ақтауда жалпыхалықтық жүгіру марафоны өтті

Маңғыстауда облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Сақтан» жобасы аясында жастар арасында жалпыхалықтық жүгіру өтті, деп хабарлайды otpanews.kz сайты.


Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, спорттық іс-шара жастар арасында синтетикалық есірткілер мен психотропты заттарды тұтынудың және оларға әуестіктің алдын алуға бағытталды.


Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған марафонға 300-ден астам жас қатысты. Олар 3 және 5 шақырым қашықтықта жүгіріп, салауатты өмір салтын насихаттап, есірткіге қарсы қоғамдық көзқарасты қалыптастыруға өз үлестерін қосты.


Әрбір қатысушыға арнайы бастапқы жиынтық (футболка, шоппер және су бөтелкесі) табысталды. Сонымен қатар, мәреге жеткен барлық қатысушыларға естелік медаль берілді.


Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында денсаулыққа зиян келтіретін әдеттердің алдын алу, бұқаралық спортты дамыту және белсенді өмір салтын ұстануға ынталандыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, физикалық белсенділігін арттыруға және қоғамда салауатты құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді.


Марафон барысында қатысушылар жоғары белсенділік танытып, спорттық рух пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті. Жүгіру бағыты бойында қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етіліп, еріктілер мен медицина қызметкерлері кезекшілік атқарды.


Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.


3 шақырым қашықтықта әйелдер арасында бірінші орынды Айнур Адилова (15 минут 19 секунд), екінші орынды Аида Бетеген (16 минут 14 секунд), үшінші орынды Эльмира Азангулова (16 минут 43 секунд) иеленді.


3 шақырым қашықтықта ерлер арасында Жандос Жумабаев (9 минут 26 секунд) жеңімпаз атанса, екінші орын Аманбек Сейтханға (9 минут 34 секунд), үшінші орын Нұрдәулет Аманбайға (9 минут 45 секунд) бұйырды.


5 шақырым қашықтықтағы әйелдер бәсекесінде бірінші орынды Назерке Серикова (22 минут 30 секунд), екінші орынды Жанар Уркинбай (24 минут 22 секунд), үшінші орынды Екатерина Захаренко (24 минут 47 секунд) иеленді.


5 шақырым қашықтықта ерлер арасында Айдар Картбаев (17 минут 38 секунд) мәреге бірінші болып жетті. Екінші орынды Мади Сапарали (18 минут 36 секунд), ал үшінші орынды Ардақ Бердиханов (19 минут 7 секунд) еншіледі.

52
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!