Онлайн бюджет мониторингі: тиімді басқару мен тәуекелдерді төмендетудің заманауи құралы
Мемлекеттік басқаруды цифрландыру жағдайында бюджет қаражатының пайдаланылуын уақтылы бақылау ерекше маңызға ие. Осы бағыттағы маңызды шешімдердің бірі – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Маңғыстау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті белсенді түрде енгізуді жалғастырып жатқан «Онлайн бюджет мониторингі» модулі.
Онлайн бюджет мониторингі мемлекеттік ұйымдардың қаржылық операцияларын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін жүйе болып табылады. Бұл жүйе бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізеді, ашықтықты қамтамасыз етеді және қаржылық тәуекелдерді айтарлықтай төмендетеді. Жүйе білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларын қамтиды.
Аталған жүйе жалақы төлемдері мен бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
2026 жылдың жарты жылдық қортындысы бойынша департаментке 11 632 тәуекелді төлем бойынша ақпарат келіп түсті. 2025 жылдың жарты жылдық қортындысы бойынша 14 906 тәуекелді төлемдер келіп түскен. 2025 жылмен салыстырмалы түрде көрсеткенде тәуекелді төлемдердің келіп түсуі 22 % азайған.
Департамент тарапынан 2026 жылдың жарты жылдық қортындысы бойынша 9 388 тәуекелді төлем бойынша анықталған бұзушылықтар жедел түрде тіркеліп, уәкілетті органдарға дереу хабарламалар жіберіледі.
Нақты уақыт режимінде жалақы бойынша тәуекелді төлемдердің 80,71%-ы онлайн бюджеттік мониторингпен қамтылып және олар бойынша жедел ден қою шаралары қабылданып, қамтамасыз етілді.