Ақтаулық морж: Өз қорқынышымды жеңгім келді
OTPANNEWS.KZ - Ақтаулық тұрғын Айгерім Бекова үш жылдан бері таңғы 5:00–7:00 аралығында теңізге түседі. Бұл әдет оның бойына күш беріп, жаңа күнді жақсы көңіл күймен бастауға көмектеседі.
Айгерім Бекованың спортқа қызығушылығы бала кезінен басталған. Ол суға түсумен қатар волейбол спортымен айналысады. Қытайда оқыған кезінде спортпен тұрақты шұғылданатын жастар мен қарттарды көріп, спортты күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі ретінде қабылдаған.
"Алғаш суға түскен кезде ең қиыны – суға түсу емес, бірінші қадам жасау болды. «Не үшін бастап жатырсың, кімге керек?» деген сұрақтар болды. Бірақ өз қорқынышымды жеңгім келді. Салқын суға бірден ұзақ уақыт түскен жоқпын, бес минуттан бастап, біртіндеп үйрендім. Таңғы 5:00–7:00 аралығын өзіме арналған уақыт деп белгілеп алдым. Осы уақытта ешкім мазаламайды, айнала тыныш болады. Алдымен жаяу жүре бастадым. Маған бір күнді бірдей өткізу ұнамайды, сондықтан күнделікті өміріме өзгеріс енгізгенді жақсы көремін. Біз өзгеріс жасау үшін үлкен мүмкіндіктерді күтеміз. Ал ол өзгеріс шын мәнінде кішкентай әрекеттерден басталады", - деді Айгерім Бекова.
Бұл әдет оның тәртіпке дағдыланып, күн сайын кішкентай әрекет арқылы өзіңді өзгертуге болатынына сенім қалыптастырған.
Бүгінде Айгерімнің таңғы әдетіне қызығушылық танытатын тұрғындар көбейіп келеді. Айгерімнің айтуынша, салқын суға түсудің пайдасы тек физикалық тұрғыдан шынығуға емес, психологиялық тұрғыдан да сергек болуға көмектеседі.