Ақтаудағы инватакси қызметі: Бір айда 6 мыңнан астам өтінім орындалды
Ақтау қаласында жыл басынан бері ерекше қажеттіліктері бар жандарды тасымалдау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жыл басынан бері инватакси қызметіне 380 азаматтан 6 405 өтінім түсіп, барлық шақыртулар толықтай орындалды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Бүгінде қала тұрғындарының кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін 28 арнайы техника үздіксіз жұмыс істеп тұр. Бұл қызмет түрі мүгедектігі бар жандардың әлеуметтік нысандарға, оқу және жұмыс орындарына, сондай-ақ вокзалдар мен әуежайға еш қиындықсыз жетуіне мүмкіндік береді. Қала ішіндегі белсенді тасымалдың арқасында жүздеген азамат қоғамдық өмірден шет қалмай, өз қажеттіліктерін уақытылы өтеуде.
Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіштер қызметтің халық арасында жоғары сұранысқа ие екенін және жүйенің қалыпты жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді.
“Биылғы жылы да негізгі шарттар уақытылы жасақталып, конкурс нәтижелеріне дейін қызметтің үздіксіздігі сақталды. Біздің басты мақсатымыз — әрбір өтінімді назардан тыс қалдырмай, сапалы қызмет көрсету”,- деп атап өтті сала мамандары.
Естеріңізге сала кетейік, өткен 2025 жылы да бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. 2025 жылы 370 адамнан 40 мыңға жуық өтінім қабылданып, қызмет тәулік бойы көрсетілген. Қазіргі динамика биылғы көрсеткіштердің өткен жылдан да жоғары болуы мүмкін екенін аңғартады.