Ақтауда медициналық колледждер мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры меморандумға қол қойды
АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ – Құжаттарға қол қою рәсіміне Қор филиалының өкілдері, колледж әкімшілігі, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Меморандумның негізгі мақсаты – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен болашақ медицина қызметкерлерін даярлайтын кәсіптік білім беру ұйымдары арасындағы өзара байланысты нығайту.
Ынтымақтастық аясында студенттерге МӘМС жүйесінің жұмыс істеу қағидаттары туралы ақпарат беру, тәжірибе алмасу және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Серіктестіктің маңызды бағытының бірі – МӘМС жүйесі жөнінде дұрыс ақпарат беру және халықтың медициналық сауаттылығын арттыру.
«Ақтау қаласының медициналық колледждерімен меморандумдарға қол қою – Қазақстан денсаулық сақтауының болашағына жасалған инвестиция. Бірлескен жұмыс болашақ медицина қызметкерлерінде кәсіби дағдылармен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін терең түсінуді қалыптастырады деп сенімдіміз. Бұл пациенттерге сапалы қызмет көрсету мен халықтың МӘМС жүйесіне деген сенімін нығайтуға берік іргетас болады», – деді Маңғыстау облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының директоры Абылайхан Рахымов.
Студенттердің біліктілігін арттыру мақсатында бағдарламаға сабақ енгізу де жоспарда бар екенін атап өтілді.
«Медициналық қызметті қолжетімді ету мақсатында жүйеге көптеген өзгерістер енгізіліп жатыр. Оқу бітіретін студенттер МӘМС жүйесін толық игеріп, болашақ жұмысына тәжірбие жинайды. Сондай-ақ алдағы уақытта оқу бағдарламасына тегін факультатив сабақтарын енгізу жоспарда бар», - деді Абылайхан Рахымов.