Otpan News Logo

Ақтауда су асты әлеміне арналған фотокөрме ашылды

|
19.11.2026 10:20
Ақтауда су асты әлеміне арналған фотокөрме ашылды

OTPANNEWS.KZ. - Ақтауда «Көзге көрінбес әлем: су астындағы қала» атты фотокөрме ашылды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.


Көрмені Canon компаниясы ҚР Зоология институты және Гидробиология және экология институтымен бірлесіп ұйымдастырды. Экспозицияның мақсаты – су асты әлемінің байлығын таныстырып, теңіз экожүйесін және сирек кездесетін жануарларды қорғау мәселесіне назар аудару.


Көрменің ашылуына Гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері, Каспий итбалығын зерттеуші Әсел Баймұқанова қатысты. Ол көктемгі экспедиция барысында жүргізілген зерттеулермен бөлісіп, итбалықтардың фотосуреттері мен бейнежазбаларын көрсетті. Сондай-ақ Каспий итбалықтарына төнетін қауіптер мен оларды қорғаудың маңызы туралы айтты.


Экспозициядан маржандар мен Каспий итбалықтарының фотосуреттерін, сирек кездесетін балықтардың иллюстрацияларын көруге болады. Сонымен қатар келушілер VR-көзілдірік арқылы маржан рифтеріне виртуалды саяхат жасап, су асты әлемімен жақынырақ таныса алады.


Көрме аясында маржан рифтерін қалпына келтіруге бағытталған халықаралық ғылыми жоба да таныстырылды. Жоба барысында британдық Coral Spawning International зертханасының ғалымдары Canon мамандарымен бірлесіп, әлемде алғаш рет тірі маржанның ішіндегі жұмыртқа жасушаларын ультрадыбыстық зерттеу арқылы анықтаған. Бұл жаңалық маржандардың көбею үдерісін бақылауға және оларды қорғау жұмыстарын жетілдіруге мүмкіндік береді.


Айта кетейік, фотокөрме бұған дейін Алматы мен Астана қалаларында ұйымдастырылған. Енді Ақтау тұрғындары мен қонақтары да су асты әлемінің ерекше фотосуреттерін тамашалай алады. Көрме 18 қарашадан 27 желтоқсанға дейін «ШУМ» сауда орталығының екінші қабатында өтеді.

2
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!