Ақтауда қоғамдық кеңестердің жұмысына арналған өңіраралық кездесулер өтті
OTPANNEWS.KZ. - Қазақстанда қоғамдық кеңестер туралы заңнаманы жетілдіруге арналған өңіраралық талқылаулар жалғасуда. Кезекті кездесулер Алматы мен Ақтауда өтті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиындарға қоғамдық кеңестердің, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, депутаттар мен сарапшылар қатысты. Екі қаладағы талқылауға 200-ден астам адам жиналды.
Алматыдағы кездесуге Алматы қаласы мен Алматы, Шығыс Қазақстан, Жетісу және Абай облыстарының өкілдері қатысты. Ақтауда Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Қызылорда облыстарынан келген қатысушылар бас қосты.
Кездесулерде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова, Құрылтай депутаты Тәттігүл Талаева және Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева сөз сөйледі.
Қатысушылар қоғамдық кеңестердің құқықтық мәртебесі мен өкілеттігін, оларды құру тәртібінің ашықтығын және мемлекеттік органдармен байланысын талқылады. Қоғамдық бақылаудың пәрменділігін арттыруға және оның нәтижелері бойынша нақты шаралар қабылдауға ерекше көңіл бөлінді.
Ашық пікір алмасу барысында кеңестер жұмысында кездесетін ұйымдастырушылық және құқықтық мәселелер, олардың қызметін қажетті ресурстармен қамтамасыз ету, жұмыс үдерістерін цифрландыру, сондай-ақ азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысу мүмкіндіктерін кеңейту жолдары қаралды.
Өңіраралық кездесулер Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қоғамдық кеңестер туралы заңнаманы жетілдіру жобасы аясында өтіп жатыр. Бұл жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында берген тапсырмасына сәйкес қолға алынған.
Кездесулер аяқталған соң, өңірлерден түскен ұсыныстар жинақталып, қорытынды құжат әзірленеді. Оны уәкілетті мемлекеттік органдарға жолдау жоспарланып отыр.