Otpan News Logo

Шұбаттан балқаймаққа дейін: Жаңаөзен зауыты ұлттық өнім өндірісін дамытып келеді

|
19.11.2026 11:48
Шұбаттан балқаймаққа дейін: Жаңаөзен зауыты ұлттық өнім өндірісін дамытып келеді

OTPANNEWS.KZ. – Маңғыстау облысындағы отандық өнім өндірушілердің бірі – «Жаңаөзен сүт зауыты» ЖШС өндіріс ауқымын кеңейтіп, ұлттық тағам түрлерін дамытуға басымдық беріп келеді. Бүгінде кәсіпорын дәстүрлі сүт өнімдерімен қатар, шұбат, құрт, балқаймақ және ірімшік сияқты ұлттық өнімдерді де шығарады. Сонымен қатар зауыт жергілікті түйе шаруашылықтарымен әріптестік орнатып, өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге үлес қосып отыр. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығы хабарлады.


Кәсіпорынның тарихы 1976 жылы құрылған Жаңаөзен қалалық сүт зауытынан басталады. 2002 жылдың қыркүйегінен бастап «Жаңаөзен сүт зауыты» ЖШС ретінде өндірісін қайта жандандырды. Алғашында өлшенбелі қаймақ сатудан бастаған кәсіпорын бүгінде 30 түрлі өнімді бірнеше форматтағы ыдысқа құйып, тұтынушыларға ұсынады.


Өндіріс барысында заманауи технологиялық жабдықтар қолданылады. Өнімді дайындау, өңдеу, құю және сақтау кезеңдері арнайы құрылғылармен қамтамасыз етілген. Кәсіпорында сапа менеджменті мен азық-түлік қауіпсіздігі жүйелерінің сертификаттары, сондай-ақ «ҚМДБ Халал» сертификаты бар.


Зауыттың негізгі бағыттарының бірі – ұлттық сусындар өндірісі. 2006 жылы кәсіпорын Ресейден шұбат құюға арналған арнайы аппарат сатып алып, осы өнімді өнеркәсіптік көлемде шығара бастады. Қазіргі таңда мұнда «Маңғыстау» шұбаты, құрт, балқаймақ және ірімшік өндіріледі.


Шұбат дайындауға қажетті түйе сүті жергілікті шаруа қожалықтарынан келісімшарт негізінде жеткізіледі. Осылайша, кәсіпорын өңірдегі түйе шаруашылығын қолдауға және ауыл тұрғындарының өнімін тұрақты өткізуіне мүмкіндік жасап отыр.


Өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне де ерекше мән беріледі. Шұбат өндіру кезінде санитарлық талаптар мен технологиялық режим қатаң сақталады. Түйе сүті алдымен 90°C температураға дейін қыздырылып, пастерленеді. Кейін 25°C-қа дейін салқындатылып, табиғи ашытқы қосылады. Дайын сусын арнайы аппаратпен бөтелкелерге құйылып, тоңазытқышта сақтауға жіберіледі. Өнімнің сапасы химиялық және микробиологиялық зертханалық тексерулер арқылы бақыланады.



Биыл кәсіпорын ұлттық сусынды балалардың тамақтану рационына енгізу жобасына қатысуда. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың бастамасымен қолға алынған жоба 2026-2027 оқу жылынан бастап пилоттық режимде жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында Жаңаөзен қаласындағы мектеп оқушыларына екі аптада бір рет майлылығы 3,2 пайыздық пастерленген шұбат ұсынылады.


Қазіргі уақытта зауыт қаланың 25 жалпы білім беретін мектебін ыстық тамақпен қамтамасыз ететін 10 жеке кәсіпкермен келісімшарт жасасқан. 2026 жылғы 11 қарашадағы мәлімет бойынша, 15 439 оқушы шұбатпен қамтамасыз етілген. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, бастама оқушылар мен ата-аналар тарапынан оң қабылданған.


Алдағы уақытта шұбатпен қамтылатын мектептер санын арттыру, жобаны облыстың өзге аудандарына тарату және сусынды айына төрт рет ұсыну мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл, бір жағынан, балаларды ұлттық сусынмен таныстыруға ықпал етсе, екінші жағынан, жергілікті өндірушілер мен түйе шаруашылықтарына қосымша қолдау болмақ.


Зауыт өнімдері Ақтау, Жаңаөзен қалаларында, сондай-ақ Мұнайлы, Түпқараған, Маңғыстау және Қарақия аудандарында сатылымға шығарылады. Бұдан бөлек кәсіпорын бірқатар мекеме мен қоғамдық тамақтану орындарын да сүт өнімдерімен қамтамасыз етеді.


«Жаңаөзен сүт зауыты» отандық өнім сапасын таныту мақсатында өңірлік және республикалық көрмелерге тұрақты қатысып келеді. 2008 жылы Алматы қаласында өткен «Қазақстан азық-түлік рыногы – 2008» көрмесінде шалап, құрт және балқаймақ өнімдері үшін алтын медальдарға ие болды. Ал 2023 жылы «Қазақстанның үздік тауарлары» өңірлік көрме-байқауында «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша марапатталды.


Бүгінде кәсіпорын өндіріс көлемін арттырумен қатар, ұлттық тағамдарды кеңінен насихаттауды да маңызды міндет санайды. Жергілікті шикізатты өңдеу, отандық өнім түрлерін көбейту және ұлттық сусындарды жас ұрпаққа таныстыру – зауыт жұмысының негізгі бағыттарының бірі.


8
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!