Әділетті қоғам адам құқығын қорғаудан басталады
Конституция – мемлекеттің даму бағытын айқындап, әр азаматтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін басты құжат. Сондықтан Жаңа Конституцияда адам мүддесіне, отбасы құндылықтарына және азаматтардың әлеуметтік жағдайына басымдық берілуі маңызды деп есептеймін.
Қоғамның дамуы ең алдымен адамға жасалған жағдаймен өлшенеді. Әр азаматтың сапалы білім алуына, еңбек етуіне, медициналық көмекке қол жеткізуіне және өз қабілетін жүзеге асыруына мүмкіндік болуы қажет. Бұл ретте адам құқықтары мен қадір-қасиетін қорғауға бағытталған конституциялық нормалардың маңызы зор.
Сондай-ақ отбасы институтын нығайту, ана мен баланы қорғау, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне көңіл бөлу – қоғамның болашағы үшін маңызды міндеттер. Өйткені берік отбасы мен саналы тәрбие – тұрақты қоғамның негізі.
Ата Заңда белгіленген құқықтар мен міндеттерді әр азамат жақсы білуі керек. Заңды құрметтеу, өз құқығын қорғау және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну – өркениетті елдің басты белгілерінің бірі.
Жаңа Конституция еліміздің құқықтық және әлеуметтік дамуына бағыт-бағдар беретін маңызды құжат. Оның негізгі қағидаттарын күнделікті өмірде жүзеге асыруға әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз қажет.
Зәуре Бегенова