Маңғыстауда республикалық әдеби форум өтті
OTPANNEWS.KZ. – Бүгін, 19 қарашада Ақтау қаласындағы Достық үйінде «Сөз өнері: түгел түркінің төрі – Маңғыстау» атты республикалық әдеби форум өтті. Алқалы жиынға Қазақстан Жазушылар одағының өкілдері, еліміздің әр өңірінен келген белгілі қаламгерлер мен маңғыстаулық ақын-жазушылар қатысты.
Форумды Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов жүргізді. Жиынның ашылуында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай сөз сөйлеп, әдебиет пен руханияттың ұлттық құндылықтарды сақтаудағы маңызына тоқталды.
Басқосуда қазақ әдебиетінің бүгінгі жай-күйі, ұлттық әдеби мұраны сақтау мен насихаттау, түркі халықтарына ортақ рухани құндылықтарды дәріптеу мәселелері талқыланды.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегманов «Сөз өнері – ұлт руханиятының алтын діңгегі» тақырыбында баяндама жасап, одақтың 2026 жылы атқарған жұмыстарына тоқталды.
Сондай-ақ жазушы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрдәулет Ақыш «Қырымның қырық батыры» топтамасының тарихи-көркемдік болмысын сөз етті. Ал жазушы, драматург, аудармашы Нұрлан Қами «Маңғыстау прозасы: өткені мен бүгіні» тақырыбында баяндама жасады.
Жиында жазушы-публицист Марат Мәжит, жазушы-публицист, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Әмірхан Меңдеке, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Оңайгүл Тұржан және ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының Маңғыстау облыстық филиалының басшысы Анар Шамшадинова да ой-пікірлерін бөлісті.
– Маңғыстаудың әрбір тасы – тарих, әрбір төбесі – шежіре. Бұл өлкенің рухани кеңістігінде халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан бай жыр мұрасы сақталған. Түркі халықтарын тоғыстыратын басты құндылықтардың бірі – ортақ әдеби мұра. Тарихымыз, дүниетанымымыз, тіліміз бен мәдениетіміз ғасырлар бойы өзара сабақтасып келеді. Сондықтан мұндай форумдардың басты мақсаты – өткенді ұлықтап қана қоймай, ортақ рухани қазынамызды бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, келер буынға аманаттау, – деді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов.
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Маңғыстау облыстық филиалының басшысы Анар Шамшадинова мұндай республикалық қаламгерлер форумының өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.
– Бүгін Маңғыстауда өңірдің рухани өмірі үшін маңызы зор шара өтіп жатыр. Бұл – облысымызда алғаш рет ұйымдастырылып отырған республикалық қаламгерлер форумы. Қай елде де әлеуметтік даму мен экономикалық өсім маңызды болғанымен, руханият әрдайым алдыңғы орында тұруға тиіс. Жаһандану дәуірінде, түрлі өзгерістер мен геосаяси жағдайларға қарамастан, ұлттық болмысымызды, ұлттық кодымызды, руханиятымызды, төл әдебиетіміз бен ана тілімізді биік ұстауымыз керек. Сондықтан бүгінгі басқосуды қазақ әдебиеті мен Маңғыстау әдебиетінің ортақ мерекесі деп қабылдаймын. Әр өңірден жиналған қаламгерлер әдебиеттің бүгіні мен болашағын талқылап, өзекті мәселелерді ортаға салды, – деді Анар Шамшадинова.
Форум аясында маңғыстаулық бірқатар қаламгер Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданып, «Құрметті жазушы» төсбелгісі табысталды. Жиын соңында қатысушылар әдебиетті дамыту, жас қаламгерлерді қолдау және ортақ рухани мұраны ұлықтау бағытындағы ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Республикалық әдеби форум түркі дүниесіне ортақ әдеби мұраны дәріптеуге, өңіраралық шығармашылық байланысты нығайтуға және Маңғыстаудың әдеби-рухани әлеуетін кеңінен танытуға бағытталды.