Ақтауда тұрғын Instagram-да жалған ақпарат таратқаны үшін 544 мың теңге айыппұл арқалады
АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ – Тұрғын әлеуметтік желіде өзге адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтер таратқаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Бұл туралы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында Н. есімді азаматқа қатысты іс қаралды.
Сот материалдарына сәйкес, биыл қазан айында ол Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында Д. есімді азаматтың отбасылық жағдайы мен балаларына қатысты шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер жариялаған. Аталған жазбалар жәбірленушінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне, іскерлік беделіне нұқсан келтірген.
Сот отырысында жауапкер өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтып, кінәсін мойындамаған. Ал жәбірленуші оны заң аясында жауапқа тартуды сұраған.
Н.-ның кінәсі жәбірленушінің айғақтары, әлеуметтік желідегі жарияланымдар мен фотосуреттер, арыз және өзге де құжаттар арқылы дәлелденді.
Осылайша, азамат ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Аталған бапта жеке тұлғаларға 180 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе 20 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.
Жаза тағайындау кезінде сот жауапкердің 14 жасқа толмаған баласы бар екенін жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерген.
Осыған байланысты сот айыппұл мөлшерін 30 пайызға төмендетіп, 544 950 теңге көлемінде белгіледі.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.