Цифрлық Маңғыстау: ауылдардағы интернет, тасжолдардағы байланыс және Smart City технологиялары
OTPANNEWS.KZ – Мемлекет басшысы «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттері» атты халыққа Жолдауында телекоммуникациялық желілерді, деректер орталықтарын белсенді дамыту, киберқауіпсіздіктің әлемдік стандарттарын енгізу және бейінді мамандардың біліктілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Байланыс саласы елдің басым бағыттарын серпінді дамытуға бағытталған шаралар кешенінде маңызды рөл атқарады.
Осы орайда Маңғыстау облысының цифрлық технологиялар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Атамұра Балтабай өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы сұхбат берді.
Маңғыстаудың шалғай ауылдары қашан сапалы интернетпен қамтылады?
– Атамұра Балтабайұлы, бүгінде Маңғыстау облысының елді мекендері кең жолақты интернетпен қаншалықты қамтылған? Шалғай ауылдар мен саяжай алқаптарын интернетке қосу жұмыстары қашан аяқталады?
– Маңғыстау облысында 59 ауылдық елді мекен бар. Бүгінде оның 55-і кең жолақты интернетке қосылған. Бұл жалпы ауылдардың 93,2 пайызын құрайды. Қалған елді мекендерді интернетпен қамту жұмыстары 2023–2027 жылдарға арналған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – тұрғындардың тұрғылықты жеріне қарамастан, барлығына жоғары жылдамдықты интернет қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Атап айтқанда, Аққұдық, Жарма, Сазды, Басқұдық, Тиген және Ноғайты елді мекендерінде талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жоспарланған. Басқұдық, Ноғайты және Тиген ауылдарын интернетке қосу жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.
Ал ең шалғай орналасқан елді мекендерді байланыспен қамту үшін спутниктік технологиялар да қолданылуда. Саяжай алқаптарына келсек, олардың интернетпен қамтылу көрсеткіші мен қосылу мерзімдері әзірге қосымша нақтылауды қажет етеді.
– Ауылдарды интернетпен қамтамасыз етуден бөлек, мобильді байланыс мүлдем жоқ немесе тұрақсыз жұмыс істейтін аймақтар мәселесі де өзекті. Бұл әсіресе автомобиль жолдары мен шалғай аудандарда байқалады. Аталған мәселені шешу бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Бұл бағыттағы жұмыстар Kcell, Beeline және Tele2/Altel ұялы байланыс операторларымен бірлесіп жүргізілуде. Негізгі міндет – байланыс қамту аумағын кеңейтіп, бүгінде сигнал әлсіз немесе тұрақсыз аймақтарда сапалы байланысты қамтамасыз ету.
Осы мәселені шешудің негізгі жолдарының бірі – антенна-діңгек құрылыстарын (АДҚ) салу. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында облыстың автомобиль жолдарының бойында биіктігі 40-тан 60 метрге дейінгі 13 нысан салу көзделген. Оның ішінде Маңғыстау ауданында – 7, Бейнеу ауданында – 4, Қарақия және Мұнайлы аудандарында бір-бір нысаннан бой көтереді.
Қазіргі таңда алты нысан бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған, тағы екеуі сараптамадан өтуде. Үш нысанға қажетті жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілсе, қалған екеуі бойынша құжаттар әзірленуде. Сонымен қатар байланыс операторларының инфрақұрылымды бірлесіп пайдалануы және қосымша базалық станциялар орнату мәселесі қарастырылған. Бұл мобильді байланыс пен интернеттің қамту аумағын кеңейтуге мүмкіндік береді.
– Ауылдық жерлердегі байланыс сапасын жақсарту үшін тағы қандай шешімдер қарастырылған?
– Бұл бағытта талшықты-оптикалық байланыс желілерін дамыту маңызды рөл атқарады. «Соңғы миля» жобасы аясында ауылдық елді мекендерге дейін талшықты-оптикалық байланыс желілерін тартуға жұмсалатын шығынның 50 пайызына дейін субсидиялау қарастырылған. Бұл операторларға қажетті инфрақұрылымды дамытуға қолайлы жағдай жасап, тұрғындардың сапалы сымды интернетті пайдалануына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ автомобиль жолдарының бойындағы байланыс жоқ немесе тұрақсыз жұмыс істейтін аумақтарға да ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, Ман-Ата асуы мен Қарақия ойпаты аумақтарында байланыс инфрақұрылымын дамыту бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Smart City: қоғамдық қауіпсіздік пен цифрлық басқару
– Ақтау қаласы мен облыс аудандарында бейнебақылау жүйелері мен жасанды интеллектке негізделген «Сергек» кешенін кеңейту жұмыстары қалай жүргізілуде?
– Қазіргі таңда Маңғыстау облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау желісін дамыту және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, «Сергек» жүйесі аясында 1 166 камера орнатылған. Жалпы облыс бойынша 74 мыңнан астам бейнебақылау камерасы бар. Оның шамамен 46 мыңы полицияның жедел басқару орталықтарына қосылған. Бейнені бақылау және талдау үшін полиция қызметкерлері Sergek VMS, Macroscop және Target AI сияқты заманауи жүйелерді пайдаланады.
Бұдан бөлек, Ұлттық бейнемониторинг жүйесі жобасы аясында облыстағы бейнебақылау камераларын бірыңғай ақпараттық жүйеге біріктіру жұмыстары жүргізілуде.
– Маңғыстау облысының геоақпараттық порталы мен өңірлік басқару платформасына (Ситуациялық орталық / Data Lake) қандай сервистер мен деректер енгізілген?
– Қазіргі таңда Маңғыстау облысының геоақпараттық порталы мен өңірлік басқару платформасына (Ситуациялық орталық / Data Lake) көптеген сервистер, мемлекеттік тізілімдер мен кеңістіктік деректер біріктірілген.
Жүйеге Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының, Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының (ЖМБМК), сондай-ақ Жеке тұлғалар, Заңды тұлғалар және Мекенжай тіркелімі мемлекеттік дерекқорларының негізгі мәліметтері енгізіліп, өзара синхрондалады.
Сонымен қатар бейінді ақпараттық қабаттардың басым бөлігі геопорталға тікелей енгізіледі. Олардың қатарында жер қойнауын пайдаланушылар туралы мәліметтер, елді мекендердің бас жоспарлары, аумақтарды пайдаланудың ерекше шарттары белгіленген аймақтардың шекаралары және рұқсатсыз орналастырылған нысандар, соның ішінде тұрмыстық қатты қалдықтар төгілетін орындар мен өзге де заңбұзушылықтар туралы деректер бар.
Бүгінде геопортал базасына 4,1 миллионнан астам нысан енгізілген. Жергілікті атқарушы органдардың 21 979 мемлекеттік қызметі мен функциясы цифрландырылған. Ал жүйеде тіркелген пайдаланушылар саны – 1 490.
Өңірдің «цифрлық егізін» қалыптастыру мақсатында 2026 жылы «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп картографиялық материалдар жаңартылып, облыс аумағы мен Ақтау қаласында аэрофототүсірілім жүргізілуде. Сонымен қатар пайдалануға берілген облыс әкімдігінің Ситуациялық орталығында геопортал сервистері мен ақпараттық-талдамалық панельдер жұмыс істейді.
Smart Data Region жобасы аясында деректерді бірыңғай Data Lake жүйесіне жинақтау және кейіннен полиция департаментінің Жедел басқару орталығымен интеграциялау мақсатында Smart Data Ukimet (SDU) жүйесін пилоттық режимде енгізу басталды.
– Smart City тұжырымдамасы Ақтау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, экология және қоғамдық көлік салаларында қалай жүзеге асырылуда?
– Smart City тұжырымдамасы аясында облыста тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, экология және көлік салаларын дамытуға бағытталған жобалар қарастырылған.
Бірінші кезекте цифрлық карталар мен мониторинг жүйелерін пайдалануға басымдық беріп отырмыз. Мәселен, геопортал алдағы уақытта қалалық инфрақұрылым, жер учаскелері мен құрылыс нысандары туралы өзекті ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұл деректер қаланың даму жоспарын әзірлеу кезінде тиімді пайдаланылуы мүмкін.
Ал көлік, экология және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағыттары бойынша тиісті басқармалармен бірлесіп, цифрлық шешімдерді енгізу мүмкіндіктері қарастырылуда. Мұндай технологиялар бақылау сапасын арттырып, тиісті қызметтердің жұмысын жеңілдетуге ықпал етеді.
– Сұхбатыңызға рақмет! Алдағы уақытта өңірдегі телекоммуникация саласының өзге де бағыттарына тоқталатын боламыз.