Otpan News Logo

Ақтаулық суретші ересектерге арналған шығармашылық орта қалыптастыруды көздейді

|
19.11.2026 14:17
Ақтаулық суретші ересектерге арналған шығармашылық орта қалыптастыруды көздейді

АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ – Ақтаудағы DArt шығармашылық студиясының негізін қалаушы Динара Сатова 5 миллион теңге мемлекеттік грант иегері атанды. Ол осы мүмкіндік аясында өз жобасын ересектерге бейімдеп дамытуды жоспарлап отыр. Кәсіпкер қаражатты студияның материалдық-техникалық базасын жаңартуға, өнер бағыттарын дамытуға және ересектерге арналған шығармашылық кеңістікті кеңейтуге жұмсамақ.


Динара Сатова студияны осыдан үш жарым жыл бұрын өз қаражатына ашқан. Алғашында бір қарындаш пен бір парақ қағаздан басталған шағын бастама бүгінде екі филиалы бар шығармашылық орталыққа айналған. Қазір ақтаулықтар 20 және 16 шағынаудандарда орналасқан DArt студияларында жаттығады. 


Кәсіпкер биыл мемлекеттік грант байқауына алғаш рет қатысқан. Бұған дейін де осындай мүмкіндікке ие болуды армандағанымен, жобасының қолдау табатынына толық сенімді болмаған.


– Үш жарым жыл бойы студияны өз күшіммен дамытып келемін. Енді оны жаңа деңгейге көтеріп, балалармен қатар ересектерге де пайдасы тиетін кеңістікке айналдырғым келеді. Қалада балаларға арналған шығармашылық орталықтар жеткілікті. Ал ересектердің өз қызығушылығын дамытып, сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік беретін орындар аз. Кейде адам бала күнгі арманын отбасы, жұмыс және басқа да тіршіліктің қамымен ұмытып кетеді. Бірақ өнерге деген қызығушылық жасқа қарамайды. Сондықтан әр адам өзіне ұнайтын хобби тауып, оны тіпті табыс көзіне айналдыра алса деймін, – дейді Динара Сатова.


Студияда төрт жастан бастап ересектерге де арналған сабақтар ұйымдастырылады. Мұнда сурет салу, кескіндеме, мүсіндеу, дизайн, қолөнер, киімге сурет салу, су бетіне сурет түсірудің «Эбру» техникасы, қабырғаға көркем сурет салу және барельеф жасау бағыттары бар. Сонымен қатар домбыра үйрету курсы жұмыс істейді. Музыкалық бағытта балалар мен ересектерге сабақ беретін арнайы оқытушы да бар.


Орталықта балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық сабақтардан бөлек, жоғары оқу орындарына түсуге дайындық жүргізіледі. Биыл студияның бес түлегі Қазақстандағы және шетелдегі жоғары оқу орындарының мемлекеттік грантына ие болған. Олардың қатарында Малайзия мен Польша университеттеріне түскен талапкерлер бар. Ал бір түлек АҚШ-қа оқуға аттанбақ.


Динара Сатованың сөзінше, студияда білім алған ересектердің арасында бүгінде алған дағдыларын кәсіпке айналдырғандар да бар. Мәселен, кейбір түлектер сән үйлерін ашып, гипспен жұмыс істеу және барельеф жасау арқылы табыс тауып жүр.


Мемлекеттік грант қаражаты ең алдымен ересектерге арналған сабақтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталмақ. Жаңа жабдықтар мен жиһаз сатып алып, студияның ішкі кеңістігін жаңарту жоспарланған. Сондай-ақ алдағы уақытта тағы бір филиал ашу немесе балалар мен ересектер бірге қатыса алатын ірі шығармашылық орталық құру мүмкіндігі қарастырылып отыр.


– Ересектер үшін жайлы орта маңызды. Олар сабаққа келгенде тек білім алып қана қоймай, өздерін еркін әрі жайлы сезінгенін қалаймын. Грант қаражаты осы мақсатқа жұмсалады. Мемлекеттің өнер мен шығармашылықты дамытуға қолдау көрсетіп жатқанына қуаныштымын. Біздің жобамыз – адамдармен және адамдар үшін жұмыс істейтін әлеуметтік жоба. Алдағы уақытта оның нәтижесін көрсетеміз деп сенемін, – дейді студия жетекшісі.


Кәсіпкердің пікірінше, шығармашылықпен айналысуды бастауға ешқашан кеш емес. Ең бастысы – адамның өзіне ұнайтын істі тауып, қабілетін дамытуға мүмкіндік алуы.

11
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!