Otpan News Logo

Маңғыстауда пробация есебінде тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеу жұмыстары жүйелі жүріп жатыр

|
19.11.2026 16:41
Маңғыстауда пробация есебінде тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеу жұмыстары жүйелі жүріп жатыр

OTPANNEWS.KZ. – Маңғыстау облысында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі бақылау, сотталғандарды жұмыспен қамту және пробация есебіндегі азаматтарды қоғамға бейімдеу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық прокуратураның басқарма бастығы Асылбек Асанов айтты.


Оның айтуынша, өңірде қоныс колониясы мен тергеу изоляторы жұмыс істейді. Қоныс колониясында жазасын өтеп жатқан азаматтардың барлығы жұмыспен қамтылған. Олар мекеменің шаруашылық жасағында және жеке кәсіпкерлік субъектілерінде еңбек етеді. Ал мекемелердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бейнебақылау камералары мен заманауи рентген-сканер құрылғысы қолданылады.


Сотталғандар мен тергеудегілерге медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға да көңіл бөлінген. Прокуратураның үйлестіруімен тергеу изоляторының медицина бөлімінде толық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті жағдай жасалған. Бөлім стоматологиялық, рентген, УЗИ және ФГДС аппараттарымен, сондай-ақ қосымша дәрі-дәрмектермен толықтырылған. Созылмалы аурулары бар азаматтар тұрақты медициналық бақылауда болып, қажет болған жағдайда қосымша тексеруге және стационарлық емге жіберіледі.


Пробация қызметінің негізгі бағыты – есепте тұрған азаматтарды қайта әлеуметтендіру және қайталама қылмыстың алдын алу. Осы мақсатта оларды жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау көрсету және қоғамға бейімдеу шаралары ұйымдастырылып келеді.


– Қайталама қылмыстың алдын алуда азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу маңызды. Сондықтан пробация есебінде тұрғандарды тұрақты жұмыспен қамтуға, әлеуметтік мәселелерін шешуге және отбасыларына қолдау көрсетуге басымдық беріп отырмыз, – деді Асылбек Асанов.


Брифинг барысында спикер биыл пробация есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамту үшін тұрақты жұмыс орындары бөлінгенін атап өтті. Сонымен қатар оларға біржолғы материалдық көмек көрсетіліп, «Отбасын қолдау орталығы» арқылы медициналық, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау ұсынылуда.


Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде биылғы жылдың алғашқы он айында пробация есебінде тұрғандар арасында қайталама қылмыс саны 33 пайызға төмендеген.

7
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!